Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында тарихи киелі орын Түмен әулие кесенесі аумағында абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Акцияға аудан әкімі Ардақ Ибраимов қатысып, шараның маңыздылығын атап өтті.

«Ел Президентінің аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру жөніндегі тапсырмасына орай және облыс әкімінің ауыл аймақтарда санитарлық тазарту жұмыстарын жүргізу жөніндегі Үндеуіне сәйкес «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында бүгін «Түмен» әулие, Бұқарбай батыр» кесенесі маңында тарихи әрі киелі орындарды күтіп ұстау бағытында санитарлық-тазалық, көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Акцияның «Киелі мекен» апталығы негізінде осындай тарихи-мәдени киелі орындарда игі істі атқаруға жиылған баршаңызға алғыс айтамын», – деді аудан басшысы.

Шараға ардагерлер, ерікті жастар, мәдениет саласының қызметкерлері қатысты. Алдымен баба рухына Құран бағышталып, кесене күмбезін сырлау, қорым аумағын тазарту, әктеу жұмыстары атқарылды. Сонымен бірге аудан әкімі ардагерлермен бірге Түмен әулие Мешіті аумағына тал көшеттерін отырғызу рәсіміне қатысты.

Жалағаш ауданы бойынша Республикалық және жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштердің саны – 71. Соның ішінде Түмен әyлие кесенесі «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында «Өңірлік қасиетті нысандар» тізіміне енген.

Түмен әулие ХІХ ғасырдың бірінші жартысында (1821-1875 жж) Қаракеткен, Амангелді ауылдық кеңестері (қазіргі М.Шөменов ауылдық округі) елді мекенде туып өскен. Әулиенің қасиеті, кереметтері ел аузында аңыз ретінде айтылып жүр. Түменнің шешесі жеті өлікке жан берген Мүсірәлі софы әзиздің баласы Қосым қожаның қызы. Өзі туып өскен жерде небәрі 54 жыл ғана өмір сүрген.

Тарихи жазба деректері бойынша Түмен әулиенің кесенесі 1876 жылы салынған. Аудан тарихы үшін маңызы зор бұл кесене, 2011 жылы қайта жаңғыртуға республикалық бюджеттен қаржы қаралып, қалпына келтірілді.

БӨЛІСУ