Биыл облыс көлемінде эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында аса қауіпті ауруларға қарсы 7468,5 мың доза ветеринариялық препарат жеткізіледі деп жоспарлануда. Бұл жөнінде облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев айтты.

– Өткен жылы облыста ауыл шаруашылығы жануарлары арасында аса қауіпті 14 түрлі жұқпалы ауруды болдырмау, алдын алу және эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында 6973,5 мың доза ветеринариялық препарат жеткізілген. Осыған сәйкес, бірқатар аса қауіпті аурулардың алдын алу бойынша екпе егу жұмыстары 100 пайызға орындалды. Сонымен қатар, былтыр ҚР АШМ тарапынан бекітілген жоспарға сәйкес, облыста аса қауіпті аурулардың алдын алу бойынша симулятивті оқу-жаттығу шаралары өткізілді. Аталмыш шара барысында сібір жарасы ауруына күдікті жағдай тіркелген кезде жедел іс-қимыл әрекеттері жүргізілді. Атап айтқанда, ауру анықталғанда тиісті мекемелерге хабарлама беру, өлекседен потологиялық сынама алу, оларды ветеринариялық зертханаға жеткізу, карантин әдістерін белгілеу және сауықтыру жұмыстарын жүргізу әдістері көрсетілді. Былтыр сібір жарасы ауруына қарсы 1534,3 мың доза екпе әкелініп, төрт-түлік мал басына толық егілді. Ал, жұқпалы емес аурулардың алдын алу мақсатында 707,4 мың доза ветеринариялық препарат жеткізілген еді, – деді Шахмардан Сұлтанбекұлы.

Бруцеллез – ауру жануарлардан адамға берілетін зооноздық инфекция. Инфекция адамға негізінен сиыр, ешкі, қой, шошқадан жұғады. Сирек кезде ғана түйелерден, жылқылардан және басқа жануарлардан. Көбінесе ауру инфекцияланған сүт және өнделген сүт өнімдерін (қымыз, ақ ірімшік, ірімшіктер) қолданғанда, сонымен қоса мал терілерін ондеу немесе ауру малдың терісін тұтыну кезінде жұғады.

Үй жағдайында бруцеллез инфекциясының алдын алу үшін өнімдерді термиялық өңдеуден өткізу қажет. Әсіресе етті тағамға дайындағанда, сүтті қайнатқанда мұқият болу керек. Мүмкіндігінше өнімдерді ветеринариялық бақылауы бар дүкендерде немесе ауылшаруашылық базарларда сатып алу қажет.

Бруцеллалар сыртқы жағдайларға бейімделген: олар төмен температураға шыдайды, топырақта, жануарлардың терісінде және жүнінде, суда, сүтте, мұздатылған етте бактериялар 1,5 айдан 5 айға дейін өмір сүре алады. Ал қайнатқанда микроорганизмдер бірден өлтіріледі.

Жануарлармен жұмыс істейтін адамдарға (ветеринарлар, аң терісі фермасының қызметкерлері, аңшылар) сақтық шараларын сақтау қажет, ол үшін қорғаныс қолғаптарын, көзілдіріктерді, алжапқыштарды қолданғандары жөн.

БӨЛІСУ