Департамент бастығының орынбасары патрульдік полицейлермен кездесті.

Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция подполковнигі  Оралбек Тәубақабылұлы Жергілікті полиция қызметі басқармасының патрульдік полиция ротасының жеке құрамымен кездесті.
Департамент бастығының орынбасары қызметкерлерге қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмыстың алдын алу бағытында және сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу шараларын күшейту бойынша нақты тапсырмалар берді.
Сонымен қатар, саптық бөлімшелердің командирлеріне патрульдік нарядтардың қызмет атқаруына тұрақты бақылау орнатып, қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруды тапсырды.
«Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері халықпен тығыз байланыста жұмыс істейтін қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі негізгі жұмысты атқаратын буын. Таң атқаннан кеш батқанға дейін қайнаған тіршіліктің ортасында жүрген инспекторлар қызметінің көзге көрінбейтін ауыртпалығы көп, жауапкершілігі мол. “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын іске асыру негізінде олар адамдардың ескертулері мен өтініш тілектеріне құлақ асуға міндетті. Бұл қызметті «жауапкершілігі зор қызмет» деп атауымыздың бірден бір себебі осы. Күнделікті халықпен тығыз байланыста жұмыс істейтіндіктен олар үшін қызметіндегі ең маңыздысы халықтың сенімі, қоғамда тәртіпсіздік пен құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік көзқарасын қалыптастыру» деді О.Омаров.
Департамент бастығының орынбасары жемқорлыққа қарсы күрес – бүгінгі күн талабы екендігін айтып, күнделікті халықпен тығыз байланыста жұмыс атқаратын қызметкерлерді әдеп нормаларын сақтап, полиция беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерден аулақ болуға шақырды.

БӨЛІСУ