Еңбек даулары орын алған жағдайда әкімдік, кәсіподақ өкілдері және еңбек инспекторынан құралған үш жақты комиссияның жұмысын тиімді пайдалану қажет.
Күн тәртібінде маңызға ие болған мәжіліс отырысының бүгінгі мәселесінің бірі еңбек дауы жайында болды. Аудан әкімі Ардақ Ибраимов еңбек дауына көбіне жұмысшылардың алып отырған еңбекақысына қанағаттанбауы, уақытылы төленбеуі және тиісті еңбек жағдайының жасалмауы себеп болатынын жеткізді.
Сондықтан осындай жағдайларды болдырмау және алдын алу бағытында дер кезінде қажетті шаралар қабылдануы тиіс екендігін айтты.
Аудан көлеміндегі барлық еңбек ұжымдарына ҚР еңбек заңнамасының сақталуын қатаң бақылауға алу тапсырылды. Сонымен қатар, барлық ұжымда жеке еңбек шарттары мен ұжымдық шарт жасасуын, сондай-ақ, жеке зейнетақы жарналарының толық аударылуы қамтамасыз етіледі.
«Өздеріңізге белгілі, қазіргі таңда кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдердің, мектеп оқушыларының мейрамханаларда, сауда орындары мен көлік жуу орталықтарында жұмыс жасап жүрген жағдайлар көп кездеседі.
Еңбек шартына сәйкес бала 16 жастан жұмысқа орналаса алады. Ал, 14-15 жастағылардың жұмыс істеуі үшін жеке заңнама қарастырылған. Жұмыс олардың денсаулығына зақым келтірмеуі керек.
Оқудан бос уақытында, оқу процесіне кедергі келтірмейтін қызметке рұқсат. Алайда, заңды өкілінің келісімі болуы міндетті»,-деді Ардақ Ибиаимов
Ауданда Мемлекет басшысының 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын құру туралы тапсырмасы аясында облыс әкімімен 2024 жылға арналған өңірлік жұмыспен қамту картасы бекітілді.
Аудан әкімі елді мекенде жаңадан жеке кәсіпкерлік субъектілерін ашу бойынша жұмыстарды жандандырып, шаруа қожалықтарда жаңа жұмыс орындарын құру бойынша қажетті шаралар қабылдауды тапсырды. 6 айдың қорытындысымен бекітілген меженің орындалуын қамтамасыз етілетін болады.
Тапсырмалардың орындалуы сала бойынша жауапты аудан әкімінің орынбасары Ғани Кенжеғараұлына жүктелді.