Парасат-пайымның биігінде шәкірттерінің жанына нұр құя білген, тәрбиелік тағылымға толы саналы ғұмырын жарқын болашақ иелеріне арнаған Қазақстан Республикасы білім беру ісінің Құрметті қызметкері, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, “Абай” атындағы алтын төсбелгісінің иегері, Абайтанушы, жоғары санатты ұстаз Абат Жолдасқызының 80 жылдық мерейлі жасына арналған “Шыңдатып мыңды үйреткен жүрегімен” тақырыбындағы әдеби шығармашылық сазды кеші Қызылорда қаласындағы No 12 І.Қабылов атындағы ІТ –мектеп- лицейінде өткізілді.
Салтанатты кешке басқарма басшысы Есжанов Асқарбек Темірбекұлы, қалалық ардагерлер төрағасының орынбасары Ермағамбетова Күләй Сағындыққызы, Халықаралық қазақ тілі қоғамының Қызылорда облысының филиалы төрағасының орынбасары Жалғасбек Аманұлы, қалалық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Орынша Міржақыпқызы Алимбетова және қала, мектеп ардагерлері қатысты. Асқарбек Темірбекұлы 45 жылдан аса мектепте ұстаздық етіп, мыңдаған шәкірт түлеткен ұстаз, дара да дана тұлға Абайдың әкесі Құнанбайдың осы кезге дейін ел таныған бейнесіне жаңаша көзқарас тудырып, ғылым жолында ізденіп, филология ғылымдарының кандитаты атанған Абат Жолдасқызының құрметіне “Абайтану” кабинетін салтанатты түрде ашты.
Сыр өңіріне белгілі бірегей Ұстаз-Ана, ғалым Абат Жолдасқызы құрметіне ашылған заманауи жабдықталған “Абайтану” кабинетінде алдағы уақытта талай шәкірттердің шырағы жағылып, білім нәрімен сусындатып, ғылым жолына бастау салынбақ деген ізгі лебізін білдірді.
Салтанатты шара Ұстаздың өнегелі дара жолы, оннан аса зерттеу жұмыстары мен ғылыми еңбектерін, құндылыққа толы дүниелерін таныстырған жетісітіктер галереясына ұласты. Жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісіндегі еңбегі жанған, бүгінде ардагер ұстаз Абат Жолдасқызының құрметіне арналған “Шыңдатып мыңды үйреткен жүрегімен” тақырыбындағы әдеби шығармашылық сазды кешінде сөз алған басқарма басшысы Асқарбек Темірбекұлы мерейлі жас иесіне арнаған жүрекжарды лебізін білдіріп, құттықтау хаты мен сыйлығын табыс етті.
Мерей той иесі жайында өздерінің жылы естеліктерімен бөліскен Абат Жолдасқызының замандас әріптестері, ардагер ұстаздар мерей той иесіне ыстық тілектерін арнады. Жүрегі қазақ деп соққан қазақ елінің Абайды тануға, бағалауға, құрметтеуге өз үлесін қосқан ұстазды ұлықтаған мерейлі кештің рухы асқақ, жан-жақты шығармашыл, дарынды тұлға болып өсіп келе жатқан ұрпағымызға берері мол болды.