2024 жылдың соңына дейін мектепке дейінгі ұйымдарда 77 мыңнан астам жаңа орын ашылады
Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды арттыру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған мектепке дейінгі ұйымдарды іске қосудың қадамдық жоспары әзірленіп, бекітілді. Биылдың өзінде балабақшаларда 77 мыңнан астам орын ашылады деп жоспарлануда.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім беру департаменті директорының айтуынша, 2024 жылдың үш айында 8849 орынға арналған 125 мектепке дейінгі ұйым ашылды.
«Жаңа орындар ашу – мектепке дейінгі ұйымдарды салу, жұмыс істеп тұрғандарын реконструкциялау және кеңейту, жалпы білім беретін мектептер жанындағы, тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарындағы шағын орталықтар желісін кеңейту, жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру арқылы көзделуде. Соңғы бес жылда балабақшаға жолдама алудың кезектілігі екі есеге төмендетілді. Бүгінгі таңда 2-6 жастағы балаларды қамту 91% құрайды. Биыл бұл көрсеткішті 92,5%-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті Манар Адамова.
Сонымен қатар балабақшаларда орындарды бөлу процесінің ашықтығы үшін кезектілікті есепке алудың бірыңғай базасы құрылды. Өтінішті электрондық үкімет порталы, екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары және жергілікті атқарушы органдардың платформалары арқылы беру сияқты бірнеше тәсілдермен жүзеге асыру мүмкіндіктері іске қосылды. Қазір жоба еліміздің төрт өңірінде жүргізілуде.
Жалпы елімізде 11 472 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, онда 1 миллионға жуық бала қамтылған.
Қызылордада Президент тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 21 мектеп салынады. Жоба құны – 98 млрд теңге. Қазір 10 мектептің құрылысы жүргізілуде, қалған 11-і келесі жылы басталады. 2025 жылы толық тапсырылады.
Айта кетейік, Қызылорда қаласында «Білімді қолдау қоры» есебінен физика-математика бағытындағы 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық мектеп-интернат құрылысы қарқын алды. Мұнан бөлек, 4 мектеп жанынан 1850 орынға арналған қосымша ғимараттар салынып, пайдалануға берілді.
Сондай-ақ шалғайдан қатынайтын оқушылар үшін жаңа үлгідегі 30 автобус алынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу туралы бастамасы аясында биыл қарашада Қызылордадағы Қорқыт Ата атындағы университет жанынан СеулТех Жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі ашылды.