Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен «Сыр өңірі – бейбітшілік пен келісім мекені» жобасы аясында үстіміздегі жылдың 12 сәуір күні Қармақшы ауданы, ІІІ Интернационал ауылдық округінде «Көш керуен» акциясы бастау алды. Акция аясында облыстық ҚХА құрылым мүшелері, аудан, ауылдағы этнос өкілдері, ауылдағы Ақсақалдар кеңесінің мүшелері бірлесіп, Қармақшы ауданы IІІ Интернационал ауылындағы саябаққа тал отырғызды.
Осылайша облыстық ассамблея өкілдері аймақ басшысы бастамасымен қолға алынған “Таза Қазақстан – таза аймақ” экологиялық акциясына қолдау білдіріп, 100-ге жуық көшет егіп, ауылды көгалдандыруға өз үлестерін қосты.
ІІІ Интернационал ауылының тұрғыны, түрік этносының өкілі, Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Рамиз Даврушев қаладан келген делегацияға ризашылығын білдіріп, ауылдағы бірлікті, ынтымақты үлгі етіп, еліміздегі қиын жағдайларды бірлікте еңсереміз деп айтып өтті.
Еккен талдар жайқалып, ауылымыз жаңара берсін деген ниетпен облыстық Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Серік Ыдырысов ақ батасын берді.
“Көш керуен” акциясы облыстық ҚХА делегациясының мүшелерінің қатысуымен III Интернационал ауылының әкімшілік ғимаратында Ақсақалдар кеңесінің кездесуімен жалғасты. Кездесуге ауылдағы этнос өкілдері, ауыл тұрғындары қатысты.
Алғы сөзді Қармақшы аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Шегебай Құндақбаев алып, кеңестің атқарған жұмыстары, Ұлттық құрылтайда көтерілген маңызды мәселелер мен ауылдағы келісім мен татулықты айтып өтті.
Сонымен бірге, бір ел болып еліміздегі орын алған су тасқынына қарсы тұрудағы табыстың басты кілті ынтымақтастық екенін алға тартты.
Мұнан соң облыстық Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Серік Ыдырысов ынтымағы жарасқан ауданның ерекшелігіне тоқталды. Онда тұрып жатқан әр тұрғынның өңіріміздегі береке, бірлікті сақтаудағы үлесі зор екендігін атап өтті.
“Бұл ауыл – қасиетті. Себебі 11 этнос өкілі тұратын ауылға мен әр келген сайын адамдық иіске тойып кетемін. Бұл ауылдың тұрғындары өмір деген айдында береке бірлігі мен жақсы тірлігімен өмір сүріп келе жатыр. Бұл дегеніміз – біз үшін еңбектің, өнегенің үлкен жетістігі. Судан сақтасын, құлаған тудан сақтасын, дариямыз суға толсын, ісіміз игі болсын” деп ауыл тұрғындарына ақ тілегін жаудырды.
Ауыл тұрғындары қаладан келген облыстық ҚХА құрылым өкілдерінен құралған делегацияға алғысын айтып, өзара пікірлесті.