Елімізде он облыста төтенше жағдай жарияланып, мыңдаған отандастарымыз зардап шегуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы сындарлы кезеңде елге үндеу жариялап, әрбір зардап шеккен отбасы мемлекеттің қамқорлығына алынатынын айтты. Елдің түкпір-түкпірінен мыңдаған күш зардап шеккендерге көмектесуге атсалысуда.
Осы орайда, Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңес мүшесі, Q-MED желісінің негізін қалаушы Раушан Базарбай ұжымымен бірге халықтың бастамасына өз үлесін қосты. Сонымен қатар, Өңірлік кеңес мүшесі Мұрат Сәрсенбаев “Абай-Дәулет” ЖШС тарапынан 25 тонна жем-шөп жіберді.
«Біз үндеуге бей жәй қарап отыра алмадық. Денсаулық сақтау Министірі, жерлесіміз Ақмарал Әлназарова да өз үндеуінде зардап шеккен аймақ тұрғындарына медициналық көмектің дер кезінде көрсетілуі, эпид ахуалдың өршіп кетпеуі басты назарында екенін жеткізді. Сонымен қатар, байырғы әріптесіміз Дәурен Тұрғанбайұлы «Торғай-Петролеум» АҚ бас директорының ынтымақтастық үндеуіне қосылып төтенше жағдай жарияланған аймақтарға 1000 дана медициналық дәрі-дәрмек пен алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған құрал жабдықтар жиынтығын, жалпы құны 4 млн 570 мың тұратын гуманитарлық грузды ұжым атынан әзірледік. Осы орайда біздің ниетімізге қолдау білдірген «АТАМЕКЕН» кәсіпкерлер палатасының Қызылорда Өңірлік Кеңесіне, Палата ұжымына алғысымызды айтамыз. Жұмыла көтерген жүк жеңіл! Барлық медицина саласындағы әріптестерімізді осы игі амалдарға қосылуға шақырамын. Біздің Күшіміз- Бірлікте!» – деді Раушан Базарбай
Айта кетейік, бүгін Сыр өңірі орталығынан елдегі су алудан зардап шеккен өңірлерге көмек көрсету мақсатында «Торғай Петролеум» АҚ, «Аманат» партиясы және Қызылорда облысы әкімдігінің бастамасымен 10 фура камаз жолға шықты. 50 млн-ға жуық теңгеге азық-түлік, жем азығы, құрал-сайман, дәрі-дәрмек, көрпе-төсек, ыдыс-аяқ гигиеналық заттар, резеңке қайықтар мен етіктерден құралған үлкен сыйымдылықтағы жүк көліктері Ақтөбе, Атырау, БҚО, СҚО Қостанай өңірлеріне жол тартты.