10 сәуірден бастап бекітілген кестеге сәйкес Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының алдын алу мақсатында елдімекендерде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары бастау алды.
Осы орайда, қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев жауапты мамандарға және кент, ауылдық округ әкімдеріне эпидмаусымдық дәрілеу-залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу барысында залалсыздандыру жұмыстарына өте мұқият болып, жауапкершілікпен қарауды тапсырды.
Айта кету керек, биыл қала бойынша конго-қырым геморрагиялық қызбасы ауруының қолайсыз аймақтары ретінде 12 ошақ есепке алынды. Олар: Қызылорда қаласы («КБИ» аймағы, ПМК-29, Бәйтерек, Әл-Фараби мөлтек аудандары), Тасбөгет кенті, Белкөл кенті («Көкжиде» аймағы, Бірқазан ауылы), Абай, Баймұрат батыр, Досан, Ж.Махамбетов, Иіркөл, Қарауылтөбе, Қызылжарма, 11 бекет (Талсуат) елді мекендері және Қараөзек станциясы.
Қолайсыз аймақтар ретінде есепке алынған ошақтарда 10-23 сәуір аралығында кенеге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізіледі.
Конго – Қырым геморрагиялық қызбасы – ең қауіпті вирустық жұқпалы ауру. Бұл ауру көбінесе көктем, жаз, күз мезгілдерінде кездеседі. Аурудың тасымалдаушысы – кене. Кенені қорғаныш қолғапсыз қолыңызбен ұстауға болмайды, әсіресе қойларды қырқу кезінде ерекше сақ болу керек. Арнайы қорғаныс киімін кию керек (қолғап, арнайы киім және т. б.)
Алдын алу шаралары:
– Мал қырқу кезінде арнайы қорғаныс киімін кию;
– Сарайды тазалау кезінде, табиғатта демалғаннан кейін киімді мұқият тексеру;
– Қысқышпен теріге бекітілген жерден кенені дереу алып тастау;
– Кене шаққан жерді спиртпен, йодпен өңдеу;
– Мал мен мал аулаларын міндетті түрде зарарсыздандыру;
– Кене шағып алған немесе кенемен байланыста болған жағдайда дереу дәрігерге хабарласыңыз;
– Табиғатқа шығу кезінде, ашық ауада демалу кезінде кененің денесіне теріс әсер ететін және оны жоюға арналған арнайы құралдарды қолдану.