Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжіліс отырысында берілген хаттамалық тапсырмалар сапалы әрі уақытылы орындалатын болады.

Аудан әкімі Ардақ Ибраимов жылу беру маусымының қорытындысы, келесі жылу беру маусымына дайындық және коммуналдық мекемелердің қарыздары бойынша сала басшыларына талдау жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтты.

«Биылғы жылу беру маусымының басында тұрғындардың қатты отын тұтыну қажеттілігі 9000 тонна болып бекітілген. Алайда, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша Жалағаш ауданының қатты отынға жылдық қажеттілігі 11500 тонна деп көрсетіліп келді. Бұл аудан бойынша қатты отынның жеткізілу жөніндегі көрсеткішіне әр мәжіліс сайын кері әсерін тигізіп отырды.

Алдағы маусымға қажетті отын қорының қажеттілігін Жалағаш кентіндегі газ желісіне қосылған тұрғын үйлердің артып келе жатқанын ескеріп, жылдық қажеттілік нақты есептеп беру қажет.

Сондай-ақ, биыл Ақсу, М.Шәменов елді мекендерінің тұрғындары да газ отынының игілігін көретін болады. Бұл кемінде 400-500 тұрғын үй алдағы жылу маусымында газбен жылытылады.
Сондықтан қатты отынға жылдық қажеттілікті есептеуде осы екі елді мекенді де қатаң ескеру керек.

Ақсу, М.Шәменов ауылдық округінің әкімдері, елді мекенде әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға газбен жылыту қондырғысын орнатуды газ желісін жүргізіп жатқан мердігер мекемелер арқылы шешуді қарастыру қажет. Елді мекенде кемінде 5 тұрғын үйге газбен жылыту қондырғысын орнатып берсе бұл да үлкен көмек болары сөзсіз», – деді аудан әкімі Ардақ Ибраимов.

Сондай-ақ, коммуналдық төлемдерге уақытылы төлем жасап отырған тұрғындарға сапалы коммуналдық қызмет көрсетуді тиісті сала басшылары ұйымдастыру қажеттігі айтылды.

Соңғы күндері Жалағаш кентінде электр энергиясын тарату желілерінде ақау көптеп орын алуда. Электр энергиясының болмауы ауыз судың болмауына да әсер ететіні белгілі.
Осыған сәйкес, кент және ауылдық округтерде электр энергиясының үздіксіз берілуін қамтамасыз ету тапсырылды.

БӨЛІСУ