Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясына Қызылорда облысының Шиелі ауданы тұрғындары ерекше қолдау білдіруде.

Бүгін шиеліліктер аталған акцияны қолдауға шақырған облыс әкімінің «Таза Қазақстан – Таза аймақ» үндеуі аясында экологиялық акция ұйымдастырды.

Аудан халқы даңғайыр дихан Ыбырай Жақаев атындағы саябақта тазалық жұмыстарын жүргізіп, ағаш көшеттерін отырғызды.

Экологиялық акцияға аудан әкімдігінің, шаруашылық құрылымдарының қызметкерлері, белсенді тұрғындар мен жастардан 300-ге жуық тұрғын қатысты.
«Сыр бойының Швейцариясына» теңелген Шиелі ауданында өткен жылы 36 мың түп ағаш отырғызылса, биыл 31 мыңнан астам ағаш көшеттері егілді, арнайы қоқыс полигондарына 1 680 текше метр қоқыс шығарылды.

Өткен жылы облыс әкімінің қолдауымен алғаш рет өткізілген «Үлгілі елді мекен» конкурсының «Үлгілі аудан орталығы» номинациясының жеңімпазы атанған Шиелі ауданының тұрғындары экологиялық акцияға белсенді атсалысып, туған жерді түлетуге өз үлестерін алдағы уақытта да қоса бермек.

БӨЛІСУ