Бүгін аудан орталығы – Әйтеке би кентінде, шет аймақтарында және ауылдық округтердің барылығында сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды.

Нақтыласақ, аудан орталығындағы Жанқожа батыр, Әйтеке би, Т.Бөріқұлақов, Ғ.Мұратбаев, Р.Бағланова, Михайлюк, Қ.Ерімбет көшелері және кенттің сырт жағындағы «Водокачка елді мекеніне барар жол», «Қарамай көл», «Қазақ қорымы», «Мектепбай» каналы аумағында қоқыстарды тазалау жұмыстары жүргізілді.

Сенбілікке аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет арнайы шығып, аудан тазалығы баршамызға ортақ міндет екенін еске салды. Сонымен қатар аудан тұрғындарымен және кәсіпкерлік нысандардың иелерімен сөйлесіп, тазалыққа бірлесе атсалысуға шақырды.

Аудан көлемінде өткізілген жаппай тазалық жұмыстарының нәтижесінде 35,2 тонна тұрмыстық қатты қалдықтар арнайы орынға шығарылды. Жалпы тазалық жұмыстарына тұрғындардан бөлек 141 мекеме, кәсіпорынның 2701 қызметкері мен 34 дана техника жұмылдырылды.

Сенбілік жұмыстарын аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет аралап көріп, кемшілік орын алған аймақтар бойынша жауаптыларды қатаң сынға алды. Сонымен қатар тұрғындармен кездесіп оларды тазалық сақтауға шақырды.

Аралау барысында Әйтеке би кентіндегі Қ.Ерімбет көшесінің бойында орналасқан Тыным, 7 дүкен сынды азық-түлік дүкендері және басқа да кәсіпкерлік нысандардың иелеріне өз аулаларында тазалық жұмыстарымен айналысу жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Сондай-ақ кәсіпкерлік нысандардың иелеріне өз аумағында тазалық сақтамағаны үшін заңға сәйкес шара көріліп, айыппұл салынды.

Алдағы уақытта да тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандардың аумағы және басқа да белгіленбеген жерлерге қоқыс тастап, тазалық сақтамаған тұрғындарға заңға сәйкес шара көрілетін болады.

БӨЛІСУ