Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, Экология және табиғи ресурстар Бірінші вице-министрі Нұркен Шарбиевпен бірге Арал, Қазалы аудандарына іссапармен барып, Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы сексеуіл егу жұмыстарымен танысты.
Іссапар барысында аймақ басшысы бастаған делегация теңіздің құрғаған ұлтанының орамдарын әуеден бақылап, содан кейін сексеуіл көшеттерін отырғызды.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Арал теңізінің құрғаған ұлтанына 1,1 млн. гектар сексеуіл екпелерін егу кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, республикалық және облыстық бюджет есебінен 2021 жылы 101 мың гектар,
2022 жылы 250 мың гектар, 2023 жылы 193,2 мың гектар жерге фитоорманмелиорациялық жұмыстары жүргізілді.
2024-2025 жылдар аралығында 556,2 мың гектар жерге фитоорманмелиорациялық жұмыстар жүргізу жоспарлануда.
Бүгінгі күнге құрғаған ұлтанның 51,6 мың гектарға
15,3 млн. дана көшет отырғызылды.
Орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін облыс әкімінің тапсырмасымен облыстық бюджеттен 1,8 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді.
Сондай-ақ, теңіз табанындағы 150 мың гектар жердің топырағын зерттеу және жобалау жұмыстарына облыстық бюджеттен 58,4 млн. теңге бөлінді. Күз мезгілінде 50 мың гектар жерге сексеуіл тұқымын себу үшін 180 тонна орман ағаштарының тұқымы жиналады.
Аралдың экологиялық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстарға инвесторларды тарту жүйелі жүргізілуде. Өңір үшін маңызды мәселемен белгілі кәсіпкер, меценат Т. Турлов күні кеше арнайы танысып, 2 млн. АҚШ долларын бөлу туралы шешім қабылдады.
Бұл бағыттағы жұмыстарға іссапар барысындағы келіссөздер нәтижесінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ компаниясы да 500 млн. теңге бөлетін болды.
Алдағы аптада 20 елдің Қазақстан Республикасындағы елшілері Арал ауданына арнайы келеді. Елшілер өз кезегінде аймақтың экологиялық мәселелерімен танысып, оны жақсартуға инвестиция тарту бағытында жұмыс жасайтын болады.
Жалпы құрғаған ұлтанға сексеуіл егу тәжірибесі білікті мамандар тарапынан қолдау тапты. Себебі сексеуіл құрғақшылыққа төзімді. Сексеуіл өсетін жерде табиғаттың тепе-теңдігі сақталып, құм мен тұз көшпейді. Мәліметтерге қарағанда, бір түп сексеуіл шамамен 6-8 тоннадай құмды ұстап қалады.
Биыл еліміз Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етуде. Теңіздің кепкен табанына өскіндер егу мәселесін аймақ басшысы тұрақты бақылауына алып, бұл ортақ іске кәсіпкерлерді де жұмылдыруда.