Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.

Депутаттардың талқылауына «Жол жүрісі туралы» заң жобасы мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске жекелеген көлік құралдарының түрлерінің қозғалысын ұйымдастыру және жол қозғалысы қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша енгізілетін өзгерістерді бірінші оқылымда қарау ұсынылды.

Парламент депутаттары бастамашылық жасаған түзетулер аясында қозғалтқыш көлемі 50 текше см-ден кем мопедтерді мемлекеттік тіркеу көзделеді, сондай-ақ олардың жүргізушілеріне қойылатын талаптар белгіленеді. Жергілікті атқарушы органдарға электр скутерлерін пайдалану тәртібін айқындау бойынша құзырет беріледі. Жол қозғалысы қауіпсіздігін цифрландыру аясында сертификатталған арнайы бақылау-өлшеу құралдары мен аспаптарын пайдалану тәжірибесі кеңейтіледі.

Алдағы жалпы отырыста Қазақстан мен Қырғыз үкіметтері арасындағы «Қарасу» және «Ақ-тілек» автожол өткізу пункттері ауданындағы индустриялық сауда-логистикалық кешеннің қызметін құру және реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы қаралатын болады.

Сондай-ақ Мәжіліс комитеттері «Нысаналы капитал қорлары (эндаумент-қорлар) туралы» және «Биологиялық материалмен алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы» жаңа заң жобаларын жұмысқа алады.

БӨЛІСУ