Биыл Қызылорда қаласында жалпы ұзындығы 46,234 шақырымды құрайтын 35 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.

Қазіргі таңда аталған 35 көшенің ішінде С. Мұқанов көшесіне орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы жеңімпаз атанған мердігер мекеме “Қыран” ЖШС-мен Қазақстан көшесінде жөндеу жүргізілуде.

Сонымен қатар, биылғы жылы  аймақ басшысының қолдауымен қалада ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі – Қожа Ахмет Яссауи көшесін қайта жаңғыртуға арналады. Яғни, ұзындығы 3 шақырымға жуықтайтын көше 4 жолақтыға ауыстырылады. Жаяу жүргіншілер жолы түсіп, толығымен жарықтандырылады.

Аталған жоба бойынша құрылыс – монтаж жұмыстары 6 наурыздан бастап «Қыран» ЖШС-мен жүргізілуде. Жоспар бойынша қайта жаңғырту жұмыстары күз айларына дейін аяқталады. Айта кету керек, қайта жаңғыртудан өтетін көшенің бойы қосымша абаттандырылады.

Өткен жылы Бәйтерек тұрғын ауданына «Қызылжарма» каналы арқылы өтетін автомобиль көпірінің құрылысын жүргізу үшін республикалық және облыстық бюджеттен 366,7 млн. теңге бөлініп, «Стандарт Ойл КЗО» ЖШС-мен келісім шарт жасалып, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, нысан пайдалануға берілді.

Сонымен қатар, Белкөл кентіндегі темір жол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған көпір құрылысын аяқтау үшін облыстық бюджеттен 109,0 млн. теңге бөлініп, нысан толықтай аяқталып, пайдалануға берілді.

Бұдан бөлек, Ғ. Мұратбаев және Яссауи көшелерінің қиылысындағы темір жол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған көпір құрылысына республикалық және облыстық бюджеттен 320,5 млн. теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесіне сәйкес, «Гүлнұр МК» ЖШС-мен келісім шарт жасалды. Қазіргі таңда, құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, нысан пайдалануға берілді.

Қаламыздағы басты көшелердің бірі болып саналатын С. Бейбарыс көшесін Н. Назарбаев даңғылынан «Қызылорда-Құмкөл» трассасына дейін қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге республикалық және облыстық бюджеттен 2 349,0 млн. теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу нәтижесінде «УАД» ЖШС-мен келісім шарт жасалып, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп нысан пайдалануға берілді.

Қала аумағындағы ұзындығы 36,5 шақырым болатын 49көшеге асфальт және ұзындығы 12 шақырым болатын 39көшеге тас жол төсеуге облыстық және қалалық бюджеттен 1 615,7 млн. теңге бөлініп, бүгінгі күні 49 көшеде асфальт төсеу және 39 көшеде қиыршық тас төсеу жұмыстары аяқталды.

Бұдан бөлек, қаламыздың жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында Астана даңғылын Н. Назарбаев даңғылынан темір жолға дейін қайта жаңғырту жұмыстары бойынша «Қыран» ЖШС-гі, Тараз көшесін С. Бейбарыс көшесінен Б. Баймаханов көшесіне дейін қайта жаңғырту жұмыстары бойынша «УАД» ЖШС-гі құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізіп, нысандар аяқталып, пайдалануға берілді.

Сондай-ақ, маусым айындағы облыстық мәслихат шешімімен қала орталығындағы ұзындығы 17,1 шақырым болатын 12 көшеге облыстық бюджеттен 2 240,1 млн. теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде мердігер мекемелермен келісім шарт жасалып, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді.

БӨЛІСУ