Қызылорда облысының әкімi Нәлібаев Нұрлыбек Машбекұлы “7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күнiмен” балалар хирургиясының атасы Ормантаев Камал Сәруарұлын құттықтап, арнайы “Құттықтау хат” жолдады.
Ол өз құттықтау хатында:
“Құрметті Камал Сәруарұлы!
Сiздi Сыр жұртшылығы және өз атымнан” 7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күнiмен” құттықтаймын!
Сiз мемлекетiмiздiң өсiп өркендеуіне, оның ішінде денсаулық саласының дамуына қажырлы еңбек етiп өлшеусiз үлес қосып келесiз.
Тәжiрибелi тәлiмгер, үздік маман, атақты ғалым ретінде әрiптестерiңiз бен шәкiрттерiңiзге балалар хирургиясының қыр-сырын үйретiп, өшпес мұра қалдырдыңыз. Бүгінде қазақ елi өзiңiздей дара туған тау тұлғаға үлкен құрметпен қарайды және мақтан тұтады.
Сiздiң бойыңыздан табылатын бiлiктiлiк, парасаттылық, халқына адал қызмет ету қасиеттерi өскелең ұрпаққа үлгі өнеге.
Мерейлi мезетте өзiңiзге мықты денсаулық, ғибратты ғұмыр, отбасыңызға бақ-береке тiлеймiн”, – делiнген.
Балалар хирургиясының атасы Камал Сәруарұлы 24000-нан астам балаларды құтқарып қалған еліміздегі бірегей хирургтардың бірі. Оның балалар саулығына, отандық медицина мен ғылымына сіңірген еңбегі ұшан теңіз.
Белгілі академикті тек қана Қазақстан Республикасында емес, одан тыс шетелдерде ұлы ғалым, жоғары білікті педиатр маман, мыңдаған балаларды аман алып қалған балалар хирургі, барлық күш-қуаты мен білімін ғылымның, медицина саласының дамуына және кадрлар дайындауға жұмсаған қоғам қайраткері ретінде де танып біледі.
Камал Сәруарұлының отандық медицинадағы алар орны ерекше. Ол 35 жасында докторлық диссертациясын қорғап, елімізде ең алғашқы балалар хирургиясы бойынша ғылым докторы атанған қазақ. Екі мәрте «Алтын адам» атағының иегері атанып, 40-тан аса ғылыми еңбек жазып, 22 жаңалық енгізді.
Сонымен қатар елімізде алғаш болып балалардың бас сүйек миының жарақатына, түрлі сынықтарға, балалар кеудесінің іштен туа біткен ақауларына жиырма төрт мыңнан астам күрделі оталар жасаған Камал Ормантаевтың атақ дәрежесін санамалауға саусақ жетпейді. Аты аңызға айналған тұлға бүгінгі ақ халатты абзал жандарға антына адал жан, өз ісінің білікті шебері, мықты ұстаз, ұлы ғалым, нағыз балалар жанашыры, балалар құтқарушысы, мейірімді «Дәрігер Айболит» ретінде көпке үлгі.
Ұлы дәрігер Камал Сәруарұлын Сыр медицинасы ұжымы атынан да мерекемен құттықтай отырып, денiне саулық, ұзақ ғұмыр, қажымас қайрат тілейміз!