Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті.
Мемлекет басшысы биылғы қарғын су ауқымы жағынан соңғы 30 жылдағы ең ірі су тасқыны саналған 2012 және 2017 жылдардағы деңгейден асып кеткенін айтты.
Сонымен қатар, су тасқынынан төнетін қауіп сейілмегенін айтып, Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық ұланның, Қарулы Күштердің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің барлық күші мен құралын, оның ішінде кадрлық және техникалық ресурсын барынша жұмылдыруды, еріктілерді, жәрдем бергісі келетін азаматтарды тартуды тапсырды.
Мемлекет басшысы Үкіметке, құзырлы мемлекеттік органдарға және облыстардың әкімдеріне су тасқынынан зардап шеккендерге тиісті барлық көмек көрсету, бұл мақсатқа Үкіметтің және әкімдіктердің резервін ғана емес, «Қазақстан халқына» қорының қаржысын да пайдалану міндетін жүктеді. Жауапты сәтте бизнес өкілдерін, компанияларды, жер қойнауын игерушілерді халыққа қол ұшын созуға шақырды.
Президент су басқан аймақтарда әлеуметтік маңызы бар қызметтер мен азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеуге, қарғын суды ауыл шаруашылығы қажетіне жарату үшін жоспар әзірлеу және пәрменді шаралар қабылдауға, Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын қайта қарауға Үкімет назарын аударды. Су тасқыны мәселесі бойынша халықаралық тәжірибені, өзге елдердің қарғын суды қалай игеретінін мұқият зерттеу қажет екенін айтты.
Жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарға мемлекет, сондай-ақ кәсіпкерлер барлық шығынды өтеп беретінін ескертіп, алаңдамауға шақырды.
Республикалық штаб отырысынан кейінгі облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен арнайы мәжілісте су тасқынына қарсы дайындық пысықталды.
Осы жылғы 6 наурыздан бері Сырдария өзенінің Қызылорда қаласы аумағында мұз жүре бастады. 22 наурыздан бастап өзен беті мұздан толықтай тазарды. Бүгінгі күнге облыс аумағына секундына 349 текше метр көлемінде су түсуде. Айта кетейік, өткен жылдың есепті кезеңінде 352 текше метр түскен болатын. Аймақтағы 7 су қоймасының 6-уы қарғын су алып, 100 пайыз толған су қоймалары транзиттік режимде жұмыс жасауда. Оларда кезекшіліктер ұйымдастырылып, жағдай тұрақты бақылауға алынған. Елді мекендерді су басу қаупі жоқ.
Бүгінде Қостанай облысындағы су тасқынының зардаптарын жою үшін облыстан 6 арнайы техника, 31 құтқарушы көмекке жіберілді.
Жиын соңында аймақ басшысы су тасқынының алдын алу шараларын қатаң бақылауда ұстап, еліміздің зардап шеккен өңірлеріне көмек көрсетуге дайын болуды тапсырды.
Сондай-ақ, мәжілісте егін егу науқаны, өрт қауіпсіздігі, коммуналдық сала қызметіндегі мәселелер қаралып, барлығы тұрақты қадағалауда болуы керектігі ескертілді.