Президент ҚХР ШҰАА ҚКП партия комитеті хатшысының орынбасары Эркин Туниязды қабылдады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы ҚКП партия комитеті хатшысының орынбасары, ШҰАА Халық үкіметінің төрағасы Эркин Туниязды қабылдады.
Мемлекет басшысы еліміздің Шыңжаңмен сауда, өнеркәсіп, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы және туризм сияқты көптеген сала бойынша табысты қарым-қатынас орнатқанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл өлке Қазақстанның ҚХР-мен сан қырлы байланысын нығайтуда стратегиялық рөл атқарады.
Өз кезегінде Эркин Тунияз қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
– «Үш зұлым күшке» қарсы күреске және осы аймақтағы тұрақтылықты сақтауға қосқан үлесіңіз үшін Сізге алғыс айтқым келеді. Қытай мен Қазақстан арасындағы достықтың тарихы тереңде жатыр. Төраға Си Цзиньпиннің стратегиялық басшылығымен және Сіздің қолдауыңызбен «Бір белдеу, бір жол» бастамасы мен «Нұрлы жол» экономикалық даму бағдарламасы сәтті ұштастырылды. Екі ел мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік орнатты. Өткен жылы наурыз айында Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы ҚКП партия комитетінің хатшысы Ма Синжуй бастаған делегация Қазақстанға келіп, өте маңызды келісімдерге қол жеткізгенін ерекше атап өткен жөн. Былтыр қазан айында Сіз Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына сапармен келдіңіз. Бұл өзара ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға тың серпін берді, – деді ШҰАА Халық үкіметінің төрағасы.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Шыңжаң Халық үкіметі төрағасының Қазақстанға сапары өңіраралық кооперация мен шекара маңындағы облыстардың өзара ынтымақтастығын одан әрі дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.