Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде мемлекеттік ақпараттық саясатты жетілдіру және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарын, оның ішінде баспа басылымдарын мемлекеттік қолдау туралы кеңейтілген отырыс өтті. Жиынға комитет төрағасы Асхат Аймағамбетов жетекшілік етті. Отырысқа Мәдениет және ақпарат министрлігінің, жергілікті басқару органдарының, үкіметтік емес ұйымдардың, өңірлік және балалар басылымдарының өкілдері, журналистер мен сарапшылар қатысты. Асхат Аймағамбетов Мемлекет басшысының БАҚ қоғамдық сананы жаңартуда, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруда шешуші рөл атқаруы қажеттігін айтқанын атап өтті. Осы тұрғыда Мәжілісте масс-медиа саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған заң жобасы қаралып жатыр. Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов бүгінде елімізде төрт мыңға жуық газет-журнал шығарылатынын айтты. – Соның жетпіс пайызы, яғни, 2 мыңнан астамы – мерзімді баспа басылымдары. Бүгінде олардың жағдайы мүшкіл. Кей аудандардағы газет-журналдарды жоғалтып жатырмыз. Өкінішке қарай, көпшілігі мерзімді шығарылып жатқан жоқ. Тіркеліп, жарты жылда бір шығып, мүмкіндігіне қарап жұмыс істеп жатқандары бар. Яғни, санына қарамастан олардың ақпараттық кеңістіктегі мөлшері тым аз. Қазір мерзімді басылымдардың екі мәселесі бар – жазылу және таралым. Мысалы, 2024 жылы газетке 360 312 жеке тұлға және 7687 заңды тұлға жазылған, – деді Қ.Ысқақов. Вице-министр жалпы халықтың санын ескерсек, бұл көрсеткіштің өте аз екенін алға тартты. Бұған интернет ресурстың қарқынды дамуынан бөлек басылымдардың мазмұндық салмағы да төмендеуі себеп болуы мүмкін екенін айтты. – Газеттерде таралым көбеюі үшін сатылатын немесе оқуға арналған арнайы орындар болуы қажет. Газет оқығысы келген азамат оны қайдан алады? Бүгінгі таңда Қазақстан бойынша тек 400 газет дүңгіршегі бар, – деді вице-министр. Қанат Ысқақов газет-журналдарды өңірлерге, оның ішінде шалғай ауылдарға дер кезінде жеткізу және қаржыландыру мәселесі жыл соңына дейін шешілетінін айтты. Сондай-ақ министрлік банк қосымшасы арқылы газеттер мен журналдарға онлайн жазылу мүмкіндігін ұйымдастырған. Депутат Қазыбек Иса жалпы газетке бизнес көзі деп емес, ақпараттық саясат, ұлттық идеология ретінде қарау қажеттігін атап өтті. – Қазақ газеттері ұлттық идеология, ұлттық партия рөлін атқарып келді. Мемлекеттің мүддесін қорғауда қай кезде де кеудесін тосты. «Газет оқымайды» деген сөзді қою керек, газет өтпейді емес, жетпейді. Газетке керегі – айлық, қаламақысы болса, тіпті жақсы. Сосын таралым мәселесі. Жабылып қалу қаупі төніп тұрған басылымдарымыз бар. Солардың және балалар басылымдарының мәселесін қарау керек. Өйткені Президент тапсырмасы деп түрлі газет-журнал шығып жатыр. Оның қайсысы балаларға білім беруге лайықты екенін іріктеуіміз қажет, – деді Қ.Иса. Отырысқа қатысушылар тақырыпқа қатысты сұрақтарын қойып, пікірлерін ортаға салды. Депутаттар мемлекеттік ақпарат саясатының тиімділігін арттыру, аудандық газеттерді сақтап қалу, қолдау,  өңірлік БАҚ-ты дамыту, газет оқу мәдениетін қалыптастыру, оқырмандарды тарту менеджментін қолға алу, қаржыландыру және қызметкерлердің жалақысын арттыру, контент мазмұнын бақылау мәселелерін айтты. Асхат Аймағамбетов масс-медиа туралы заң жобасына бүгінгі тақырыпқа қатысты депутаттар енгізген бірнеше маңызды нормаға тоқталды. Атап айтсақ, өңірлік басылымдар мен балаларға арналған бағдарламаларды қолдау бойынша өзгерістер бар. – Сондай-ақ қаржыландыру жүйелері бірдей әрі тиімді болуы үшін өңірлік басылымдар мен республикалық басылымдарды бағалау әдістемесі бөлек болуы керек деп ойлаймыз. Мемлекеттік тапсырыс беру ережелеріне де өзгеріс енгізу қажет. Бүгін біз журналистер мен сарапшылардың, еліміздің әр өңіріндегі жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары басшыларының пікірлерін тыңдадық. Қаралған мәселелер осында айтылған ұсыныс-пікірлермен тығыз байланысты. Осы ой-тұжырымдар мемлекеттік ақпараттық саясат және өңірлік БАҚ-ты, оның ішінде баспа басылымдарын мемлекеттік қолдау жөніндегі міндеттерді орындауға ықпал етеді деп үміттенемін, – деді А.Аймағамбетов. Жиында айтылған мәселелер, пікірлер мен ұсыныстар жинақталып, Үкіметке жіберіледі. Комитет төрағасы бұл бойынша жасалған жұмыс жөнінде тиісті есеп тыңдалатынына назар аударды.

БӨЛІСУ