Мемлекет дамуының бір көрсеткіші – көлік инфрақұрылымының дамуы, оның ішінде жолаушылар тасымалы мен оларға қолайлы жағдайлар жасау. Бұл бағытта Қызылорда облысында қарқынды жұмыстар жүргізіліп, ірі жобалар қолға алынуда.

Мәселен, Қызылорда қаласының сол жағалауында құны 975 млн теңгені құрайтын жаңа автовокзал құрылысы жүргізілуде. Бұл жаңа нысанның құрылысы 2023 жылдың шілде айында басталып, 2024 жылдың сәуір айында аяқтау көзделіп отыр. Бүгінгі күнге автовокзал құрылысының 95 пайызы аяқталды. Жалпы бүгінде облыс аумағында 212 елді мекенді аудан және облыс орталығымен байланыстыратын 205 автобус маршруты ұйымдастырылған. Сонымен қатар, халықаралық бағыттағы Ташкент қаласына – 1, Астана, Алматы, Шымкент, Жезқазған, Түркістан, Сарыағаш, Ақтөбе және тағы басқа қалаларға облысаралық 13 автобус маршруты бар. Осы маршруттарда барлығы 30-дан астам заңды және жеке тұлғалар әр түрлі сыйымдылықтағы 1405 дана автобуспен жолаушы тасымалдау қызметін көрсетуде. Жыл басынан бері 5,4 млн жолаушы тасымалданды.
Тағы бір ірі жобалардың бірі – «Болат Өтемұратов қоры» арқылы Қызылорда қаласының «Қорқыт ата» әуежайының жаңа жолаушылар терминалының құрылысы мамыр айының аяғында аяқталады деп күтілуде. Бүгінгі күні терминалдың құрылыс жұмыстары 99, 8 пайызға орындалды. Бұл нысанда жолаушыларға арналған барлық қолайлы жағдайлар жасалған.
Өңірде темір жол вокзалының да құрылысы қайта жанданды. Жанданған темір жол вокзалында 2024 жылдың қаңтар-ақпан айлары бойынша 205,8 мың жолаушы тасымалданды.

БӨЛІСУ