Бүгін облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамовтың төрағалығымен облыстық мәслихаттың кезекті 12 сессиясы өтті.

Сессия жұмысына облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев, облыс әкімінің орынбасарлары мен құқық қорғау органдарының басшылары, тиісті басқарма басшылары және БАҚ өкілдері, сондай-ақ, бейне-конференц байланысы арқылы аудандар мен қала әкімдері, барлық деңгейдегі мәслихат төрағалары қатысты. Күн тәртібінде 11 мәселе қаралды.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы алдымен Мемлекет басшысы мен Үкіметтің Сыр өңіріне ерекше қолдауының арқасында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденцияның сақталып, экономиканың барлық негізгі салаларындағы өсімнің нәтижесінде 2024 жыл басынан бері 2 ай қатарынан республика аймақтары арасында өңіріміздің «көшбасшы» позициясында тұрғандығын жеткізді. Сондай-ақ, денсаулық сақтау ұйымдарының санитарлық автокөліктерін жаңарту өзекті мәселенің бірі екенін айтты.
Бюджет қаржыларын тиімді жоспарлау – өңір дамуының маңызды бөлігі. Қызылорда облысы бюджетінің басым бөлігі субвенциялы екені белгілі. Бұл жағдайға қарамастан жыл сайын өз кірістерінің оң динамикасы қалыптасуда.
Әкімдердің халықпен кездесулерінде тұрғындар тарапынан көтерілетін негізгі сұрақтардың бірі – облыстық және аудандық денсаулық сақтау ұйымдарын санитарлық автокөліктермен қамтамасыз ету. Медициналық ұйымдардағы тозығы жеткен санитарлық автокөліктердің үлесі 68,4 пайызды құрауда.
Денсаулық сақтау ұйымдарын жаңа санитарлық автокөліктермен қамтып, автокөлік паркін жаңарту мақсатында 200 дана санитарлық автокөлікті сатып алудың бастапқы жұмыстарына 100 млн.теңге бағытталуда»,- деді облыс әкімі Н.Нәлібаев.
Өз кезегінде облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов сессияға дайындық барысында 2 айға жуық уақыт тиісті жұмыстар жүргізілгендігін айтып, мәслихаттың 2 тұрақты комиссиясы өз салалары бойынша барлық аудандарда жұмыс сапарымен болып, талдау жұмыстарын жүргізгендігін атап өтті.
Сондай-ақ, 2 тұрақты комиссияның мүшелері жалпы өзара талқылау өткізіп, бірқатар мәселелер бірлескен отырыста қорытындыланып, соның нәтижесінде бүгін шешімдер қабылданып отырғандығын жеткізді.
Сессия соңында күн тәртібіндегі 11 мәселе депутаттар тарапынан тұрақты комиссия мен бірлескен отырыста егжей-тегжейлі, толыққанды талқыланып, өз ұсыныстары мен сауалдарын жеткізгендіктен, депутаттардың ұсыныс-пікірлері ескеріле отырып, тиісті шешімдер қабылданды.

БӨЛІСУ