Сыр еліне келген “Бәйтерек” Ұлттық басқарушы холдингі” АҚ Қазақстанның Даму Банкі, Даму “Кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ , “QazIndustry” АҚ, Invest Kazakhstan, KazakhExport, “Өнеркәсіпті дамыту қоры” және “Аграрлық несие корпорациясы” өкілдерінен делегация өңірдің бірқатар өндірістік нысандарына, атап айтқанда, ас тұзын өндіретін зауытқа, күріш өндіретін кәсіпорынға, сондай – ақ шыны зауытына барды.

Алдымен қуаттылығы жылына 197,1 мың тонна шыны шығаруға қауқарлы “Orda Glass Ltd” ЖШС-нің жұмысымен танысты. Бүгінгі күні зауытта 370 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Мұнан соң делегацияның сапары “Алтын Орда” ЖШС-де жалғасты. Компания йодталған ас тұз өндіру саласындағы қазақстандық нарық көшбасшыларының бірі болып табылады. Компания 1997 жылы Қызылорда қаласында құрылды. 2016 жылдан бастап компания барлық талаптар мен сапа стандарттарына сәйкес “Ассоль” және “Сафия” брендтерімен ас тұзын өндіреді. Тұз 2 зауытта өндіріледі. Олардың біріншісі 2016 жылы сағатына 3 тонна қуатпен іске қосылды. 2022 жылда қуаттылығы сағатына 10 тонналық екінші зауыт іске қосылды. Компанияда 150-ден астам адам жұмыс істейді.

Енгізілген сапа менеджменті жүйесі шикізат пен материалдардың 100% қадағалануын қамтамасыз етеді, осылайша сатып алушының қауіпсіздігі мен денсаулығына кепілдік береді.

Бүгінгі таңда “Ассоль” және “Сафия” брендтерімен өнімдер елдің барлық аймақтарында сатылады. Сонымен қатар, өнімдер Ресейге, Беларуссияға, Грузияға, Қырғызстанға, Моңғолияға және Балтық елдеріне экспортталады.

2023 жылы Қызылорда облысына ресми сапары аясында ҚР Президенті Қ.Қ. Тоқаев тұз өндіретін зауыттың жұмысымен танысып, кәсіпорын қызметіне жоғары баға берді.

Кездесу барысында делегация өкілдері инвестициялық қызметті жүзеге асыру, өнеркәсіпті дамыту және шикізаттық емес экспорт көлемін ұлғайту бойынша «бір терезе» және «жасыл дәліз»қағидаттарымен таныстырып, әлеуетті инвесторларды сапалы сүйемелдеу және оларға қажетті қолдау көрсету маңызды екендігі атап өтілді. Әсіресе жаңа өндірістер құруға, сапалы жұмыс орындарын ашуға, ғылым мен білім беруді дамытуға тың инвестициялар қажет.

БӨЛІСУ