Ауылдағы ағайынның кәсіп көзін тауып, табысын жақсартуды мақсат еткен «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруға өткен жылы облысқа 3,0 млрд.теңге қаржы бөлінген болатын. Басымдық өндірістік жобаларға, яғни шағын цехтар, жылыжай өндірісі, омарта, балық және құс шаруашылығы секілді жеке қосалқы шаруашылықтардың жұмысын дамытуға бағытталды. Бүгінгі күні жобаның алғашқы жемісін көре бастаған азаматтар қатары артып келеді.

Күні кеше “Amanat” партиясының облыстық филиалы жанындағы Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі және Өңірлік кеңес пен партиялық бақылау комиссиясының мүшелері бірлесіп, жоба аясында іске қосылған кәсіпкерлік нысандардың жұмысымен танысты.

Аталмыш жоба аясында бүгінде қаламызда есік алдындағы шағын жылыжай кешені де дамып келеді. Мониторингтік топ көлемі 300 шаршы метр болатын жылыжайда қияр өнімін егіп отырған Нұрғазы Сүлейменовтың кәсібімен танысты.

Жеке кəсіпкер Нұрғазы Сүлейменов жоба аясында алған 7 млн. теңге қаржыға жылыжай жиынтығын сатып алып, қияр еккен. Қосымша қаржы жұмсап, оған жылу желісін де жүргізген. Бүгінгі күні 1 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, қияр өнімдерін ауыл, қала тұрғындарына сатуда. Оның айтуынша қазіргі таңда жылдық өнімі 4 тонна. Жылына екі рет егіп, өнім алуды жоспарлап отырмын дейді.

Сондай-ақ, аралау барысында мониторинг мүшелері манты, самса, түшпара, жайма секілді түрлі жартылай дайын өнімдерді өндіріп отырған Гүлзира Ерниязованың цехының жұмысымен танысты.

Гүлзира Ерниязова кәсіппен 2022 жылы карантин кезінде уйде бастаған. «Ауыл аманаты» жобасын естігенде қатты қуанып, 2,5 пайызбен 8,6 млн несие алып, жұмысымды кеңейте түстім дейді ол. Бүгінде 5 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жартылай дайын өнімдерімді сату үшін қаладағы 6 дүкенмен жұмыс жасауда. Жалпы 14 түрлі жартылай дайын өнімдер дайындауда.

Мониторингтік топ мүшелері азаматтардың ұсыныс пікірлерін тыңдап, отандық өнімді, өндірісті дамытуға қосып отырған үлесі үшін ризашылықтарын білдіріп, кәсіптеріне табыс тіледі.

БӨЛІСУ