“Адал адам”мәдени-тәрбие орталығы жобасы аясында “Жанұя шуағы” бағыты бойынша 21 наурыз күні Лақалы ауылдық клубында Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, Лақалы ауылдық клубының ұйымдастыруымен осы ауылда абысынды-келінді болып, бір шаңырақ астында қатар өмір сүріп, жасаған сауапты істерімен, тату тірлігімен ел есінде қалған Сәтімқызы Қағаз бен Өтебалықызы Зиба аналардың 100 жылдығына орай, жастарға өнегелі істерін үлгі етіп, насихаттау мақсатында “Абысын тату болса” атты аудандық келіндер байқауы өткізілді. Байқауға Кәукей, Лақалы, Өркендеу,Абай және Әйтеке би кентінен бес жұп келіндер қатысып,байқау шарттары бойынша өзара бақ сынасты.
Лақалы ауылында татулықтың тамаша үлгісін көрсетіп, ел-жұртқа өнеге болып бір шаңырақ астында өмір сүрген Боранбай ата әулетінің Зибагүл, Қағаз, Зиба атты келіндерінің тату тірлігін баяндайтын прологтен соң ауыл ақсақалы Жұбаниязов Алтынбек ата Зиба , Қағаз аналар туралы естелігімен бөлісіп, шараға сәттілік тілесе, клуб жанынан құрылған “Ақ кимешек” Әжелер тобы “Ақ босаға” әнімен сайыс шымылдығын ашып берді.
Әулеттерінің атағын әуелетіп, дәулетін кемерінен асырған келіндер алғашқы кезеңде ата салтымен халыққа сәлемін салып, өздерін таныстырса, екінші кезеңде бойларындағы сан түрлі өнерлерін көрсетті. Бірі ән салса,бірі көрініс көрсетіп,енді бірі он саусағынан өнері тамған келін екендіктерін паш етті. Сайысқа Әйтеке би кенті “Атамұра” ардагерлер ансамблінің мүшесі Захарова Шамшагүл , Лақалы ауылы әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлсара Ахметова және байқауға демеуші ұрпақтарының арасынан Ғалия Боранбаева қазылық жасады.
Қазылар алқасының шешімімен “Бас жүлде” Абай ауылынан Әбуовтер әулетінің келіндері Саудаева Айткүл мен
Қасым Жанатқа бұйырды. I орынмен Лақалы ауылынан Махашовтар әулетінің келіндері Рахмет Райса мен Қуанышбай Гүлзира, II орынмен Кәукей ауылынан Сұлтанбаевтар әулетінің келіндері Суханова Мира
Жолдасбай Айдана және III орынмен екі жұп Әйтеке би кентінен Әбдірейімовтер әулетінің келіндері Аяғанова Ақерке мен Ерхатова Лаура, Өркендеу ауылынан Тоқсанбаевтар әулетінің келіндері Еспембетова Алтын мен Ермекбаева Анар марапатталды. Барлық жүлдегерлер арнайы дипломмен марапатталып, ұрпақтарының атынан ақшалай жүлдеге ие болды. Лақалы ауылдық клубы атынан қос ана туралы мәліметтер жазылған “Қайран біздің аналар арды ойлаған” атты кітапша таратылды.
Шараға жиналған халық және қос Ананың ұрпақтары клуб ұжымына зор алғыстарын білдіріп, ақ батасын берді.
2024-03-22