«Қарызсыз қоғам» жобасы аясында білім алғандарға сертификат табысталды.

Халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы биыл барлық өңірде жүргізіліп келеді. Бүгінгі күні облыс бойынша Қызылорда қаласы мен Жалағаш, Сырдария, Шиелі және Жаңақорған аудандарына қарасты ауылдық елді мекендерден 1000 нан астам азамат тегін қаржылық сауаттылықты арттыру курсынан өтті.

Бүгін партияның облыстық филиалы жанындағы «Қарсызсыз қоғам» жобасының жетекшісі, облыстық мәслихаттағы партияның депутаттық фракциясының мүшесі Балжан Шәменова Қызылорда қаласында қаржылық сауаттылығын арттыру курсына қатысушыларымен кездесіп, оқу семинарын табысты аяқтаған түлектерге сертификаттарды табыстады. Кездесу барысында жобаның маңыздылығын кеңінен атап өткен өңірлік жоба жетекшісі қаржылық сауатсыздық еліміздегі әлеуметтік мәселелердің бірі саналатынын алға тартып, жоба түлектерін отбасы қаржысын сауатты жоспарлап, жұмсауға, себепсіз ұсақ – түйек тауарлар үшін несие алмауға, жалпы қарызсыз өмір сүру бағытын ұстануға шақырды. Қарызсыз адам, ең бақытты адам екенін жеткізді.

Жалпы жоба аясында несие бойынша берешегі бар және борышкерлер тізімінде тұрған ауыл тұрғындары, қарызы бар және оның мерзімін өткізіп алған азаматтар, мемлекеттен жеңілдікпен несие алуға үміткер кәсіпкерлер оқудан өте алады.

Жалпы азаматтар оқу семинарлары барысында қаржылық сауаттылықты арттырып қана қоймай, мамандармен осы бағыттарда кеңестер де алуда. Мәселен, өңірімізде оқу семинары басталған уақыттан бері 13 азаматқа түрлі көмек көрсетілді. Атап айтсақ, кеңес орталықтарында қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша 2 азаматқа, банкроттығы бойынша 3 азаматқа консультация беріліп, 8 қатысушыға бизнес-жоспар жазуға көмек көрсетілді.

БӨЛІСУ