Жаңару күнінде тал егу акциясымен қатар «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері мен этномәдени бірлестіктердің төрағалары ұлттық спорттың бірнеше түрінен сайысқа түсті. Достық үйінің артқы алаңында жігіттер де қыздар да ұлттық спорттың көркін кіргізді. Асық атып, ләңгі теуіп, гір көтеріп, арқан тартысты.
«Қазақ халқы ұлттық ойындарға бай халық. Ата-бабаларымыз осы ойындар арқылы ұрпақтың мықты әрі жігерлі болып өсуіне ықпал етіп, олардың береке-бірлігі мен ынтымағын жалғастырып отырған», – деді қыздар арасында асық атудан бірінші орын алған мекеменің аға сарапшысы Ақманат Байқадамова.
Ал ләңгі тебуден мекеме директорының орынбасары Дәулет Омаров оқ бойы озып шығып, бұл спорт түрінің денсулыққа пайдасын айтып өтті.
«Бала кезімізден ләңгі тебуге машықтанып өскен болатынбыз. Қай кезде де ұлттық ойынның денсаулыққа пайдасы зор. Дене жүйелі түрде қозғалысқа түскенде қан айналымы үздіксіз жүріп отырады »,-деді.
Сондай-ақ, «Үздік ұлттық киім үлгісі» номинациясымен мекеме қызметкері Нұргүл Садуақасова, «Үздік ұлттық тағам» номинациясымен мекеме қызметкері Гүлмира Ізтілеуова, жігіттер арасында асық атудан бірінші орынды мекеменің заңгері Айдос Алназаров, гір көтеруден мықтылығын паш еткен мекеменің бөлім басшысы Ерсұлтан Есов жеңіп алды.
Ептілік пен шымырлықты қажет ететін арқан тартыс сайысы қатысушылар үшін өте көңілді өтті. Бұл сайыста бірінші орынды «Достық секторы» жеңіп алды. Бір қызығы мекеме жанынан өтіп бара жатқан мектеп оқушылары да ұлттық ойындарға қызығушылық танытып, асық атып, ләңгі тепті.
Соңында жеке жеңімпаздар мен командаларға «Қоғамдық келісім» мекемесі атынан сый-сияпат жасалды.
2024-03-20