Табиғаттың жаңарып, тіршілік қайта жанданатын көктем мезгілімен қатар келген Ұлыстың ұлы күні жаңару, жаңғыру ұғымдарынан құралған.

Бүгін наурызнаманың жаңару күнінде аудан әкімі Ардақ Ибраимов аудан тұрғындарымен бірге тал егу акциясына қатысты.

Қазақтың ұлттық дәстүріндегі адамгершілікке баулитын, тіршілік иесіне зиян келтірмеу мен қоршаған ортаға жанашырлық сезімін тудыратын тал егу акциялары жалғасын табатын болады.

19 наурыз – Жаңару күнінде Жалағаш кенті және ауылдық округтер тал егу акциясына белсенді қатысты.

«Бір тал кессең, он тал ек» қағидасын мықтап ұстанған халқымыз үшін тал егу — маңызды істердің бірі. Қазақ әуел бастан Наурыз мере­кесіне ерекше даярланған. Көктем келіп, күн қыза бастағаннан-ақ ауланы, тоғайлар маңын тазалап, ағаштардың түбін әктеп, күтім жасаған. Наурыз — мезгілдің, жылдың жаңа­ра­ты­н уақыты ғана емес, адамның да жандү­ние­сін тазартатын, не тындырдым деп өткен жылға қайырыла қарайтын тұс.

Барша жұртты жұ­мылдыратын тал егу жұмысы арқылы балалардың табиғат-анаға, күллі жараты­лысқа деген ықыласын оятып, адам бала­сының табиғатпен үйлесімді түрде дамиты­нын ұғындыру парыз.

Егілген ағаштың, өскен өсімдіктің әуе алабына тигізер пайдасы зор. Жасыл желектің әсерінен ауа тазарып, қолайлы микроклимат қалыптасады және шу деңгейі төмендейді. Атап айтқанда, орман екпелерiнiң бiр гектары ауадан 400 келі күкiрт қышқыл газын, 100 келі хлоридтi және 25 келі фторидтi, жерге түсетiн және ауада болатын барлық зиянды заттардың 60-80 пайызын жұта алады.

Қоршаған ортаның жақсаруына өз үлесімізді тигізу үшін сенбіліктер өткізіп, ауламыздың, қаламыздың, ауылымыздың аумағын тазартып, абаттандырып, жасыл желектер отырғызып, шырайын әрлендіре түсуіміз керек.

БӨЛІСУ