Жаратылыстың әрбір бөлшегіне терең пәлсапамен қараған қазақ халқы үстіне киген киіміне де даналық мазмұн берген. Ұлттық киімдеріміз сыртқы сымбатымен, көз тартарлық əсемдігімен, терең дүниетанымды білдіретін ою-өрнегімен халқымыздың эстетикасын, философиясын, бай мəдени мұрасын паш етеді.
Қазақтың ұлттық киімдері өзге халықтарға ұксамайтын өзіндік ерекшеліктерімен көшпелі тіршілікке сәйкес қалыптасқан.
Биылдан бастап Қазақстанда Наурыз мейрамын тойлатудың жана тұжырымдамасы бекітілді. Бұл тұжырымдама аясында Ұлыстың ұлы күні он күн бойы тойланып, 14-23 наурыз аралығындағы әр күнге атау беріліп, соған орай алуан түрлі іс-шаралар өткізілмек.
Бүгін 18 наурыз – Ұлттық киім күні. Ұлттық киім – кез келген халық мәдениетінің ажырамас бөлшегі. Ол жай ғана киім емес, бүтін ұлттың бет-бедерін айқындар ұлан-ғайыр тарих.
Осыған орай аудандық оқушылар үйінде «Көктем өрнектері» атты ұлттық киімдер байқауы өткізілді.
Мерекелік шараға қоғамдық даму бөлімінің басшысы Еспенбетов Жасұлан Ерданұлы мен білім бөлімінің басшысы Садықов Талғат Құрақбайұлы қатысты.
Байқау аудан мектептері арасында өткізіліп, қатысушылар түрлі нақышта тігілген ұлттық киімдерді қонақтар мен қазылар алқасының назарына ұсынды.