Ағымдағы жылдың 15 наурызында өткізілген Әдеп жөніндегі кеңес отырысының күн тәртібінде 6 мәселе қаралды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселелермен Шиелі ауданы әкімі аппаратының және Қызылорда облысының санитариялық эпидемиологиялық бақылау департаментінің әдеп жөніндегі уәкілдері қызметінің нәтижелері қаралып, мемлекеттік органдарға кеңес мүшелері тарапынан ұсыныстар берілді.
Бұдан соң Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің 2023 жылғы 2 қарашасындағы №37 шешімі негізінде Шиелі аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Г.Айтекееваға «ескерту» түрінде қолданылған тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алу мәселесі қаралып, кеңес мүшелермен жазаны мерзімінен бұрын алуға келісім берілді.
Сонымен қатар, Қызылорда қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасарына қатысты тәртіптік іс қаралып, «АлиПроектConstraction» ЖШС-мен мемлекеттік сатып алу тәсілі негізінде алдын ала жасалған келісім шарт бойынша орындалмаған жұмыстарға қаржыны аударып, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін оған «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазаны қолдану ұсынылды.
Бесінші мәселемен Қызылорда қаласының білім бөлімінің басшысына қатысты тәртіптік іс қаралып, мемлекеттік білім беру ұйымдары педагогінің бос немесе уақытша бос лауазымына тағайындау құқығы болмаса да, білім бөлімінің әдіскерлері, кабинет меңгерушісі және мамандарын білім беру ұйымдарына өзінің тікелей бұйрығымен ауыстыру тәртібімен тағайындап, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін оған «атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығару» түріндегі тәртіптік жазаны қолдану ұсынылды.
Күн тәртібіндегі соңғы мәселемен ҚР Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексіне берілген түсіндірме құжаты кеңес мүшелерімен талқыланды.

БӨЛІСУ