Баспасөз орталығында өткен брифингте Ақжарма ауылдық округінің әкімі Саттар Әбдіреев 2023 жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерді баяндады.

– Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 3 көше (Тоғай, Тоғай2, Қырман), ал «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде екі көшенің аяқ жақ бөлігі жарықтандырылды. Сондай-ақ, Баймұрат батыр ауылына 3 аялдама, Талдыарал елдімекеніне 2 аялдама орнатылды. Бұдан бөлек, бірқатар жобаларды жүзеге асыруға бюджетке өтінім берілді. Олардың қатарында, 19 көшеге қиыршық тас төсеу, аяқ су жүйесін жаңғырту, 5 көшеге жаяу жүргіншілер жолын салу, Тоғай-1 және Талдыарал елді мекенінің 1-көшесін жарықтандыру, елдімекенді табиғи газбен қамтамасыз ету, жаңадан қоныстанған аумаққа су тарату насос станциясы (водозабор) құрылысы жобалары бар. Осы жобалар қолдау тапқанда, ауылдағы бірқатар өзекті мәселелер шешімін табады, – деді ауылдық округ әкімі Саттар Бейбітұлы.

Айта кету керек, өткен жылы ауылдық округте тұрғындардың сұранысына сәйкес дәрігерлік амбулаторияның құрылысы бастау алды. Құрылыс-монтаж жұмыстарын 2024 жылы аяқтау жоспарланған.

Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында ауыл тұрғындарының 16,1 млн. теңгені құрайтын 3 жобасы қаржыландырылып, «Еңбек» бағдарламасы аясында 2 жоба қайтарымсыз грантқа ие болған.

Сондай-ақ, 2023 жылы ауыл тұрғыны Ғ.Ерназаров өз қаражаты есебінен 200 шаршы метр аумақты құрайтын жылыжай кешенін ашып, алғашқы өнімдерін алуда.

БӨЛІСУ