Бүгін қала орталығындағы Серәлі Лапин атындағы 261 мектепте “Наурызнама” тұжырымдамасының мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай мәдениеттің мәйегіне барып, салтты сақтап, дәстүрді дәріптеген мерекелік шара болып өтті.
Қазақтың шашу жоралғысынан бастау алған мерекелік салтанат қазақтың ұлттық ойындары асық ату, қол күрес, қазақша күресімен жалғасын тапты.
Шараға басқарма басшысы Есжанов Асқарбек Темірбекұлы мен қадірлі қонақтар қатысты. Басқарма басшысы құттықтау сөзінде: “Қазақ халқының болашақта толыққанды ұлт ретінде қалыптасып, даму ісінде еліміздің әлемдік аяда қайталанбас болмысы мен бейнесін жасауда халқымыздың бағзы заманнан бергі іргетасы мен күретамыры болып келе жатқан асыл мұрасы – ұлттық дүниетанымы мен құндылықтары, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы екендігі сөзсіз. Олай болса, еліміздің әрбір саналы өкілі ел Президентінің «Наурызнама» тұжырымдамасы аясындағы игі істерден өз ойы мен сөзіне, болмысы мен тіршілігіне, іс-әрекеті мен мінез-құлқын халқымыздың өзіне тән төл құндылықтары мен әдет-ғұрыптарын үйлестіре отырып жүргізуі, дамытуы тиіс және бұл іс-шара амалдар біздің бабалар алдындағы басты парызымыз екендігін естен шығармауға тиіспіз”-деді.
Асқарбек Темірбекұлы мен сыйлы қонақтардың бал-бөбектердің тұсауын кесуімен жалғасқан шара қазақы нақыштағы көрмелер мен “қыз бен жігіт” айтысына ұласты.