Бүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимов 14 наурыз – Амал күніне арналған мерекелік шараға қатысып, аудан тұрғындары мен құрметті қонақтарды ұлттық мерекемен құттықтады.

«Тарихтан сыр тартқан, халқымыздың көне салт-дәстүрлерін, ғибратты тұрмыс-тіршілігін айшықтайтын амал күнін тойлау бүгінгі күні тамырын тереңге жайған оң үрдіске айналды.
Амал мейрамы – өткенді саралап, болашағымызды болжайтын таразы. Осындай игілікті сәтте отанымызға – береке, халқымызға – игілік, мемлекетімізге – молшылық, ал әрбір шаңыраққа бақыт пен шаттық тілеймін.
Алдымыздағы үлкен мереке – Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінің бастауы болып саналатын амал күні баршаңызға құтты болсын, ағайын! Амалдан амалға аман-есен жете берейік»,-деді аудан әкімі Ардақ Ибраимов.

Аудан өнерпаздарының халыққа ұсынған мерекелі концетінде алғаш рет кішкентай бүлдіршіндерімізден құралған ансамбльдің тұсауын кесті.

Аққыр ауылдық клубы жанынан құрылған «Бал-бала» шулы аспаптар ансамблі «Аспаптар» әнін орындап, халықтың ықыласына бөленді.

Мерекелік шарада аясында креативті индустрияға байланысты «Ulttyk style» көрме жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жалағаштық өнер тапқыштардың көрмесімен танысқан Ардақ Ибраимов қол өнер шерберлерінің туындылары үлкен еңбекпен сапалы шыққанын жеткізіп, жаңа бастамаларға сәттілік тіледі.

14 наурыз – Көрісу күні – Амал мерекесі – Әз Наурыздың бастауы!
Амал – қазақ халқының ежелден қалыптасқан дәстүрі, елдің ырыс-ынтымағы мен бір-біріне құрметін арттыратын айрықша мереке.
Наурызды атап өтудің жаңа тұжырымдасына сәйкес мерекелік онкүндік осы Амалдан басталады. Бұл күні жасы үлкендерге арнайы сәлем беріп, құрмет көрсету, қонақ күту, мейраммен құттықтап, ізгі тілек жаудыру салты орныққан.
Табиғат-Ананың, Жер-Ананың, жалпы тіршілік атаулының көктемгі жаңаратын және оянатын шағында адамдар бір-біріне кешіріммен қарап, ескі өкпе-реніштен арылуы қажет деп саналады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Амалда жасалатын жоралғылар ұлтымыздың бауырмалдығы мен мейірімділігінің көрінісі екенін атап өтті.
Бұл – қуаныш пен шаттық мейрамы ғана емес, өмірді жаңадан бастауға, өткенді кешіріп, болашаққа нық қадам басуға мүмкіндік беретін кезең. Осылайша кешірім мен өзара құрмет халықтың бірлігіне, азаматтардың ортақ мақсат жолында бірігуіне мықты негіз қалайды.
Бұл дәстүр ел жаңаруының жаршысы ретінде Ұлу жылын зор үмітпен қарсы алуға жақсы себеп болады.
Амал мерекесі құтты болсын!

БӨЛІСУ