Аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет аудан аумағындағы Сырдария өзенінің бойындағы ахуалды бақылады. Алдымен аудан басшысы «Ә.Тыныбаев» атындағы Қазалы су торабына барып, су деңгейінің жай-күйін саралады. «Қазалысушар» өндірістік учаскесінің бастығы Нұрлан Әбілдаев аудан әкіміне өзен бойындағы қорғаныс бекеттерінің жай күйі мен өзен арқылы жоғары жақтан келетін мұзды аудан аумағынан қауіпсіз өткізіп жіберу бағытындағы жұмыстар жайында баяндады.

Мұнан соң аудан әкімі өзен бойындағы қауіпті саналатын аймақтың бірі «Сартоғай» иініне барып, су деңгейін көрді.

Мейрамбек Зинабдинұлы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы мен қауіпті аймақтарда орналасқан ауыл әкімдеріне су деңгейін қатаң бақылауда ұстап, жоғары жақтан келетін мұздың кедергісіз қозғалысын және ауыл-аймақтарға қауіп төндірмеуін күндіз-түні қатаң бақылауды тапсырды.

Бүгінгі таңда Сырдария өзені арқылы жоғары жақтан келетін мұзды аудан аумағынан қауіпсіз өткізіп жіберуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Су тасқынының алдын алу мақсатында Сырдария өзені бойындағы қауіпті учаскелерге тәуліктік кезекшіліктер ұйымдастырылып, бақылау күшейтілген.

Сарыкөл, Бірлік ауылдық округтері аумағында Сырдария өзені арқылы жол қатынасы үшін қойылған 2 қалқымалы көпір мұз жүруіне байланысты уақытша алынған.

Бүгінде Сырдария өзеніндегі судың деңгейі тұрақты. Су тасқынынан қауіп жоқ. Өзен тиісті арнасымен ағуда. Десе де, сала мамандары өз істеріне салғырттық танытпай, жағдайдың жіті бақылауда екенін жеткізді.

Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысында 2023 жылдың 1 қазаны мен 2024 жылдың 1 сәуір аралығында Шардара су қоймасына 11,1 млрд метр куб су түсетіні болжанған еді. Оның ішінде 6 наурызға дейін 9,55 млрд метр куб су түседі деп күтілді. Алайда, қазіргі таңда тиісті орынға 8,13 млрд метр куб су түскені анықталды. Бүгінде Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішінде 5,5 млрд метр куб су жиналған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,3 млрд метр куб суға кем.

Жалпы, Сырдарияның жоғарғы ағысында 4 су қоймасы бар. Олардың жалпы сыйымдылығы 26,650 млрд болып табылады. Бүгінде соның 47 пайызы суға толтырылған. Қазіргі таңда Шардарадан жоғары орналасқан су қоймаларындағы жинақталған судың жалпы көлемі 12,34 млрд текше метрді құрап отыр. Ал, Шардара су қоймасындағы су көлемі 4 669 млн метр куб. Қоймаға секундына 1 216,8 метр куб су түсіп жатыр. Бүгінде су тасқынынан қауіп төніп тұрған жоқ. Су Сырдария өзенінің негізгі арнасымен ағуда. Деңгейі төмен. Қорғаныс бөгетіне дейін су жайылған жоқ. Олардың биіктігі 2,5-3 метрді құрайды. Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішінің жұмыс кестесі бақылауға алынып, жергілікті атқарушы органдармен Сырдария өзеніндегі су шаруашылық жағдайына күнделікті мониторинг жұмыстары жүргізілуде.

БӨЛІСУ