Сырдария аудандық сотында ҚР ҚК 105-бабы 1-бөлігі (өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу) бойынша сотталушы Ә.-ге қатысты қылмыстық іс қаралды.
Қылмыстық іс бойынша сотта анықталғаны:
Сотталушы Ә.-нің жұбайы жәбірленуші Ә. өзіне қатыгездікпен қарап, қорқытып, адами қадір-қасиетiн үнемі қорлағанына шыдай алмай, тұрғын үй ауласында орналасқан мал қорада мойнына жіпті байлап, өзін-өзі өлтірген.

Сотталушының кінәсі оқиға болған жерді қарап-тексеру хаттамалармен, жәбірленуші туыстары мен куәлердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, жәбірленуші мен сотталушы арасындағы хат алмасулармен, жәбірленушінің ұялы телефонынан алынған тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын растайтын жазбалармен және басқа да дәлелдемелермен бекітілді.
Сотталушы сотта өз кінәсін мойындамады, оның жас балаларының болуы жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде қабылданбады.  Себебі оның қылмысы жас балаларының анасына қарсы бағытталған және анасынан айырылуына алып келген.
ҚР ҚК 105-бабы 1-бөлігіне сәйкес, жәбiрленушiнi қорқыту, оған қатыгездiкпен қарау немесе оның адами қадір-қасиетiн үнемі қорлау арқылы адамды өзiн-өзi өлтiруге дейін немесе өзiн-өзi өлтiруге баруға дейiн жеткiзу – үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Сырдария аудандық сотының үкімімен сотталушы Ә. ҚК-нің 105-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сотталушы сот залынан қамауға алынды.
Сотталушы Ә.-ден азаматтық талап қоюшы Б.-ның пайдасына 10 000 000 теңге моральдық зиян, 1 580 000 теңге өкілдің қызметіне және 189 437 теңге сотқа қатысуға байланысты шығындар өндірілді.
Үкім заңды күшіне енбеген.

Сырдария аудандық соты

БӨЛІСУ