Қазалыда 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында білім саласында жемісті еңбек етіп жүрген ұстаз-аналарға құрмет көрсетілді. Мерекелік шараға мектеп, балабақша директорлары, оқытушылар мен тәрбиешілер және ардагерлер қатысты. Шәкірттерді білім нәрімен сусындатқан ұстаз-аналарды аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет құттықтады.
«Мемлекетіміздің дамуы жолында әйел-аналарға жүктелер міндет аса маңызды. Ол – ұлтты ұйыстыра отырып, елжанды ұрпақ тәрбиелеу, қоғамды ізгілендіруге ұйытқы болу. Ал бұл жолда Сіздердей ұлағатты ұстаздардың орны қашанда ерекше. Ұстаз деген мәртебелі кәсіптің деңгейін төмендетпей, жас ұрпаққа білім мен тәрбие бере жүріп, аяулы ана атанған жандарға айтар алғысымыз шексіз. Шуақты мерекелеріңізбен тағы да құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін» – деді аудан басшысы.
Мерекелік шарада үлгілі мұғалімдер облыс әкімі орынбасарының, аудан әкімінің, облыстық білім басқармасының «Алғыс хаттарымен» марапатталды. Сондай-ақ бірқатар ұстаздарға облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасы» табысталды.
Мерекелік көңілді кешті мектеп оқушылары, түрлі ән байқауларының жеңімпаздары әуелеген әнмен көркемдеді. Ал шара соңы оқушылардың орындауындағы хормен аяқталып, барша ұстаздар қауымына гүл шоқтары ұсынылды.