Бүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимов 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты шараға қатысты.

Салтанатты шарада аудан әкімі ел экономикасы мен мәдениетінің, еліміздің рухани әлеуетінің артуы жолында еткен қажырлы еңбегі үшін ақ жаулықты аналарға, апаларымыз бен қарындастарға шынайы ризашылығын білдірді.

«Ауданымызда мәдениет, денсаулық сақтау, білім, басқару салаларында еңбек етушілердің басым көпшілігі және бірнеше бөлімдер мен мекемелердің жетекшілері нәзік жандыларымыздың үлесінде.
Ауданымыздағы ең үлкен салалар білім беру саласында жұмыс жасап жүрген қызметкерлердің 78 пайызы, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің 79 пайызы әйелдер болса, аудандағы барлық кәсіпкерлердің 45 пайызын нәзік жандылар құрайды.
Тынымсыз еңбек етіп келе жатқан кәсіпкер әйелдер арқылы аудан бойынша 2023 жылы 350,0 млн. теңгені құрайтын 26 жоба жүзеге асырылды.

Аға ұрпақтың игілікті жұмыстарын одан әрі жалғастырып, аудан экономикасы мен мәдениетін көтеруге атсалысып, сүбелі үлес қосып жүрген абзал аналарымыз бен апа-қарындастарымыздың есімін әрдайым мақтан етеміз»,- деді аудан әкімі Ардақ Ибраимов.

Сонымен қатар, мерекелік шарада ауданның дамуына аянбай еңбек етіп жүрген үздік нәзік жандыларға облыс әкімінің “Алғыс хаты” мен аудан әкімінің “Құттықтауы” табысталды. Салтанатты шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.

БӨЛІСУ