Көктем келіп, күн жылығанда күллі адамзаттың жүрегі жылынады. Неге десеңіз, көңіл жадыраған тұста ардақты ана, аяулы жар, әпке-қарындастар мен қыз – келіншектердің төл мерекесі – Халықаралық әйелдер күні қатар келеді. Әдемілік үйлесім тапқан мызғымас сәтте ер азаматтар нәзікжандылардың көңілін көкке жеткізу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға бар. Осындай ұмтылыс бүгін білім саласы қызметкерлері мен ардагерлерінен бастау алды. Нақтырақ айтсақ, аудандық Оқушылар үйінде батыр ана, ардагер ұстаздар құрметіне «Армысың ару, гүл көктем» атты мерекелік кеш ұйымдастырылды.
Бір қолымен бесікті, екіншісімен әлемді тербеген алтын құрсақты аналарды құттықтау үшін аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов, білім саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Қуанышбаев пен аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Әбілқасым Раман сахнаға көтерілді.
– Құрметті ару-ана, аяулы ұстаздар! Сіздерді 8 наурыз – халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ардагерлеріміз салған сара жол, ізгі ізбен білім саласы қарыштап дамып келеді. Балаларымыз бен ұстаздарымыздың жекелей шапқан, топпен олжалаған жетістіктері жайында сағаттап айтуымызға болады. Бұған арамызда отырған ошақ басы мен ел келешегін тәрбиелеуді қатар алып жүрген көпбалалы аналарымыздың да айтарлықтай үлесі бар.
Құрметті ұлы мамандық иелері! Мереке қарсаңында сіздерге зор денсаулық, мол бақыт тілеймін! Ажарларыңыздан тараған әсем күлкі әлемге сұлулық сыйлайды. Сондықтан бүгін сіздердің жүздеріңізге күлкі ұялату үшін аянып қалмаймыз, – деді ауданның бас ұстазы Әділхан Оңдасынұлы.
Бұдан кейін марапаттау рәсіміне кезек берілді. Бірқатар ұстаз облыстық білім басқармасы мен облыстық кәсіподақ ұйымының Құрмет граматосына ие болса, ұзақ жылдар бойы білім саласынан табан аудармай, ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған ардақты ардагерлерге сый-сыяпат көрсетілді.
Мерекелік кеш Оқушылар үйі мамандары дайындаған «Ана бақыты» қойылымымен жалғасты. Шараға қатысушылар спектакльден ерекше әсер алып, көтеріңкі көңіл күймен қайтты.