Достық үйінде 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай «Қоғамдық келісім» КММ нәзік жандыларына «КӨКТЕГІ КҮНДЕЙ, КӨКТЕМГІ ГҮЛДЕЙ» салтанатты мерекелік іс-шарасы өтті. Оны Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ және «Қызылорда облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі бірлесіп ұйымдастырды.
Мерекелік шарада «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов, облыстық қоғамдық даму басқармасының этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлімінің басшысы Айгерім Алиева және облыстық кәсіподақтар орталығының еңбеккер әйелдер ісі жөніндегі комиссия төрайымы Майра Боранбаева құттықтау сөз сөйлеп, мекеменің нәзік жандыларына ізгі лебіздерін арнады. Бірлік пен татулықты берік етіп, еңбексүйгіштік және қоғамдық белсенділікпен ерекшеленіп жүрген мекеменің қызметкерлеріне аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы М. Нәлібаевтың Алғыс хаты табысталды.
Мұнан соң абзал аналар мен қырмызы қыздардың құрметіне М. Омаров пен Қ. Жұмағалиевтің «Анашым» әнін мекеме қызметкері Өмірсерік Құлназаров барша жиылған арулармен бірге қосылып шырқады. Мереке шашуы ретінде Еркем тобы «Қазақ» биін биледі. Салтанатты кештің ең әдемі әрі әсерлі сәті мекемедегі ару аналардың сәбилерінің өз аналарының құрметіне арналған «Бала тілі – бал» атты бейнеролигі болды. Бұл роликте балалар аналары туралы қызықты әңгімелерін айтып, жүрекжарды құттықтауларын жолдады. Аналардың құрметіне жас өнерпаз Шәкәрім Камалиевтің орындауында «Бақыт құшағында» әні шырқалды.
Өз кезегінде «Қоғамдық келісім» КММ қоғамдық жаңғырту және әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің сарапшысы Жанар Дармағамбетова және этносаясат саласындағы қызметін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Гаухар Умартаева барша жиылған аруларға ақ тілектерін жаудырды.
Салтанатты мерекелік іс-шара «Қоғамдық келісім» мекемесі қызметкерлері балаларының орындауындағы «АНА» әнімен қорытындыланды. Мекеменің барлық аруларына аумақтық кәсіподақтар бірлестігі тарапынан сыйлықтар мен гүл шоқтары табысталды.

БӨЛІСУ