Аудандық мәслихаттың кезектен тыс ХVІ және ХVІІ сессиясы шақырылды. Сессияға аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет, облыстық бағыныстағы басқарма басшылары, қала, кент, ауылдық округ әкімдері мен дербес бөлім басшылары қатысты. Сессияға аудандық мәслихаттың төрағасы Ғазиз Әліш төрағалық етті.

Кезектен тыс ХVІ сессиясының күн тәртібінде қаралған Қазалы ауданының әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссия құрамы мен Қазалы ауданы әкімдігінің дербес құрамына өзгерістер енгізу туралы аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов хабарлама жасап, депутаттарға комиссиялар құрамына енгізілген өзгерістермен таныстырды. Аталған мәселе бойынша депутаттар бірауыздан шешім қабылдады.

Кезектен тыс ХVІІ сессияның күн тәртібінде «2024-2026 жылдарға арналған аудандық маңызы бар қала, кент, ауылдық округ бюджеттері туралы» Қазалы аудандық мәслихатының 2023 жылғы 22 желтоқсандағы шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселе қаралды.

Бұл мәселе бойынша қала, кент, ауылдық округ әкімдері хабарлама жасап, бюджетке енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды ортаға салды. Депутаттар тарапынан хабарламашыларға сұрақтар қойылып, тиісті жауаптары берілді.

Сессия соңында аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет сөз алып, сессияның күн тәртібіне ұсынылған мәселелердің маңыздылығына тоқталып, депутаттарды бірлесіп жұмыс атқаруға шақырды.

Айта кетейік, Сессия алдында аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өткізіліп, сессияға ұсынылған мәселелер талқыланды.

БӨЛІСУ