Темiржол – ел экономикасының өзегi, мемлекетiмiздiң қуатты жүйесi. Бiр ғасырдан астам тарихы бар Қазалы теміржол мекемелерінің бүгiнгi тынысы жыл санап жақсарып келедi.

Бүгін аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет аудандағы теміржол мекемелерінің басшыларымен кездесті.

Басқосуда аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбеков теміржол мекемелерінің басшыларын таныстырып өтті.

Өз кезегінде аудан басшысы «Теміржол торабы – ел экономикасы мен өнеркәсібінің күре тамыры» екенін айтып, теміржолшылардың қазынаны толтырудағы еңбектерін атап өтті.

– Аудан көлемінде теміржол саласы бойынша 15-тен аса мекеме-кәсіпорындар жұмыс жасайды. Өңдеу өнеркәсібінің басым бөлігі осы теміржол мекемелерінің еншісінде. Теміржол саласының қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс жасаудың арқасында оң нәтижелерге қол жеткізілді, – деген аудан басшысы жыл соңына дейін өңдеу өнеркәсібі бойынша көрсеткіштерімізді төмен түсірмей, өз дәрежесінде сақтап қалуда бірлесе жұмыс жасау қажеттігін жеткізді.

Кездесу барысында Қазалы вагон пайдалану депосының директоры, аудандық мәслихат депутаты Арғын Орынбаев сөз алып, теміржол вокзалына қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу және теміржол мекемелерінің басым көпшілігі орналасқан Я.Михайлюк көшесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу жөнінде ұсынысын жеткізді.

Мекеме басшыларының ұсынысын тыңдаған аудан басшысы алдағы уақытта вокзал ғимаратын қайта жаңғырту мен Я.Михайлюк көшесіне жол жөндеу жұмыстарын жүргізуге тиісті жұмыстар жасалып жатқандығын айтты.

Сонымен қатар мекеме басшыларына тоғыз жолдың торабында орналасқан, әр тараптан келген жолаушыларды тоғыстыратын шаһардың бас қақпасы мен барлық теміржол аумағындағы тазалық мәселесін қолға алуды тапсырды.

БӨЛІСУ