31 наурызда Арал ауданында шығып қалған мәслихат депутатының орнына сайлау өтеді.

Бұл ретте сайлау процесін ашық әрі заң аясында өткізу бағытында Қызылорда облысының аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері Арал ауданына іссапармен барып, округтік және учаскелік комиссия мүшелерімен, байқаушылармен кездесу өткізді.

Алдымен Арал ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Н.Зағатов баяндама жасап, учаскелік комиссиясының міндеттеріне тоқталып, негізгі басымдықтарды тізбектеді.

Осылайша Арал ауданының аумақтық сайлау комиссиясы оқытудың форматын іскерлік ойындар бағытында өрбітті. Оқыту алаңына келген учаскелер өзара командаға бөлініп, бірнеше кезең бойынша бақ сынады.

“Кім жылдам” атты бірінші кезеңде учаскелік комиссия мүшелері түрлі деңгейдегі сұрақтарға жауап берді. Мұнда сайлаушылар тізімін алудан бастап дауыс беру тәртібіне дейінгі процесс кезінде жиі орын алатын сауалдар ашық қойылды.
Ал, екінші кезең төрағаларға арналды. Мұнда алдын ала әзірленген ситуациялық сұрақтар комиссия төрағаларының тосын жағдайлардан шығу жолдары сынады. Сондай-ақ облыстық АСК төрағасының орынбасары Болат Накипов пен комиссия мүшесі Абай Тағыберген төте сауалдарға негізделген практикалық жағдаяттарды талдап, іскерлік ойындарға араласты.

Қорытынды кезең тест сұрақтарымен айшықталды. Мұнда сайлау өткізудегі негізгі заңдылықтар көзделген 10 тест сұрағы болды.

Бәсеке алаңында ой жарыстырған командалар арасында оқ бойы озық атанған “Қызылжар” командасы І орынға лайық деп танылса, ұжымдық үйлесімді көрсете білген “Құмбазар” командасы ІІ орынды иеленді. Ал, “Райым” командасы үздік үштікті түйіндеді.

Ойын соңында жүлдегерлер мен белсене қатысқан командаларға арнайы естелік статуэткалар мен дипломдар табыс етілді.

БӨЛІСУ