Бүгін партияның «Қарызсыз қоғам» жобасы аясындағы оқу семинарының 4 аптасы басталды. Бұл аптада Қызылорда қаласы мен Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандарына қарасты ауылдық елді мекендерден 250 азамат білім алуда. Соның ішінде Шиелі ауданы, Жаңатұрмыс ауылдық округі, Байсын ауылының ер азаматтары қаржылық курсына белсенді қатысуда.
Жалпы өткен аптада “AMANAT” партиясында «Қарызсыз қоғам» жобасының 100-ден астам қатысушылары арнайы бас қосып, жобаның аралық қорытындысын шығарған болатын. Онда оқу курсынан өткен жоба түлектері қарыздан құтылудың, отбасы табысын арттырудың тәжірибесімен бөлісті. Аталмыш жиынға біздің өңірден жобаның облыстағы менеджері Наталья Мишукова мен 3 жоба түлегі 2 кәсіпкер қыз- келіншек барып, қатысып қайтты.
«AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасын үнемі жетілдіріп келеді. Биыл жобаға қатысушылардың 75%-ы – әйелдер қауымы. Оның жартысынан көбісі – көпбалалы аналар.Осыған сәйкес, партия оқудан өткен әйелдерге жеке кәсібін бастау үшін қайтарымды грант пен лизингке құрал-жабдық сатып алуға жаңа мүмкіндік ұсынып отыр. Бастама аясында жыл соңына дейін 3500 әйелді қамту жоспарлануда.
Айта кетейік, биыл жобаны жүзеге асыруға 9 коммерциялық банк пен 11 мемлекеттік орган қатысуда. Жобаға қатысуға ниет білдірушілерге ыңғайлы болу үшін qogamfin.kz. онлайн-платформасы әзірленді. Сайт арқылы оқыту курсына жазылып, пайдалы материалдар мен бейне сабақтарды жүктеп алуға болады.