Облыс бойынша мал өлекселері мен биологиялық қалдықтарды тастайтын 146 мал қорымы бар. Соның ішінде ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес 90 типтік жобадағы мал қорымы жасақталған болса, қалған 56-ы қарапайым шұқырлар. Дегенмен, аймақтағы эпизоотиялық ахуалдың тұрақты болуына байланысты өңірде тіркелген мал саны өткен жылмен салыстырғанда 0,6 пайызға артып отыр.

– 2023 жылы барлығы 465,2 мың бас жануар бірдейлендіріліп, ақпараттық жүйеге енгізілді. Ал биыл «Ветеринария туралы» ҚР Заңына сәйкес, 498,3 мың дана құлақ жапсырмасын сатып алу жоспарлануда. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде. Бұдан бөлек, осы жылы бруцеллез ауруына қарсы барлығы 1956,5 мың бас жануарға диагностикалық тексеру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Бүгінде облыс көлемінде аса қауіпті аурулар тіркелген жоқ. Эпизоотиялық жағдай тұрақты, – деді Шахмардан Қойшыбаев.

Биыл облыс көлемінде эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында аса қауіпті ауруларға қарсы 7468,5 мың доза ветеринариялық препарат жеткізіледі деп жоспарлануда.

– Өткен жылы облыста ауыл шаруашылығы жануарлары арасында аса қауіпті 14 түрлі жұқпалы ауруды болдырмау, алдын алу және эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында 6973,5 мың доза ветеринариялық препарат жеткізілген. Осыған сәйкес, бірқатар аса қауіпті аурулардың алдын алу бойынша екпе егу жұмыстары 100 пайызға орындалды. Сонымен қатар, былтыр ҚР АШМ тарапынан бекітілген жоспарға сәйкес, облыста аса қауіпті аурулардың алдын алу бойынша симулятивті оқу-жаттығу шаралары өткізілді. Аталмыш шара барысында сібір жарасы ауруына күдікті жағдай тіркелген кезде жедел іс-қимыл әрекеттері жүргізілді. Атап айтқанда, ауру анықталғанда тиісті мекемелерге хабарлама беру, өлекседен потологиялық сынама алу, оларды ветеринариялық зертханаға жеткізу, карантин әдістерін белгілеу және сауықтыру жұмыстарын жүргізу әдістері көрсетілді. Былтыр сібір жарасы ауруына қарсы 1534,3 мың доза екпе әкелініп, төрт-түлік мал басына толық егілді. Ал, жұқпалы емес аурулардың алдын алу мақсатында 707,4 мың доза ветеринариялық препарат жеткізілген еді, – деді Шахмардан Сұлтанбекұлы.

БӨЛІСУ