Қызылордада «Анаға тағзым» орталағында республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанаи Қызылорда облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің өкілдерімен кездесті.
Кездесуге облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов, облыстық қоғамдық даму басқармасының этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлімінің басшысы Айгерім Алиева, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл өңірлерінің Аналар кеңесінің төрағалары мен мүшелері қатысты.
Кездесуде Нәзипа Ыдырысқызы отбасылық құндылықтар, бүгінгі күннің өзекті мәселелері вейп, құмар ойынға жастардың құмарлығы, Аналар күні мен Отбасы күндерін атап өтуге ерекше мән беру, ажырасудың алдын-алу, «Саналы ата-ана», көпбалалы аналар мәселелері, аналарды мәдениеттендіру, бала тәрбиесі мен білімі, ұрпақ жалғастыруға жас отбасыларды дайындау және түрлі маңызды жобалар сөз болды. Кеңестің ортақ негізгі бағыттары бойынша жұмысты қарқынды түрде жүргізу тапсырылды.
Сонымен бірге, Қызылорда облысы бойынша Аналар кеңесінің жүргізіп жатырған жұмыстарына оң баға беріліп, әскери органдармен бірлескен іс-шараларды одан әрі жандандырып, жалғастыру керектігі айтылды. Алдағы сәуір айында өтетін ҚХА сессиясында Аналар тарапынан көтерілетін маңызды мәселерді де талқыға салды. Бағыт-бағдар берді.
Н. Шанаи: «Аналар кеңесінің миссиясы – аналардың мәртебесін көтеріп, отбасы институтын дұрыс қалыптастыру. Әр өңірдегі аналардың жағдайлары әртүрлі. Бірақ барлық аналарды біріктіретін ортақ проблемалар бар. Осы проблемалармен күресу, алдын-алу бағытында барлық өңірлерде ауқымды жұмыстар жүріп жатыр»,- дей келе, әр облыстағы Аналар кеңестерінің жеткен жетістіктер мен ерекшеліктеріне тоқталып өтті.
Осы ретте Қызылорда облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы Айгүл Мұсабаева мен Батыс Қазақстан облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы, п. ғ. д, профессор Шалқыма Құрманалина ынтымақтастық меморандумына қой қойды. Меморандум аясында екі жақ ақпараттық-насихаттық жұмыстар, мәдени-рухани мұра, салт-дәстүрлерді сақтауға, жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді насихаттауға, өзара тәжірибе алмаса отырып мазмұнды жұмыстарды бірлесе атқаруға мүдделі болды.
Өз кезегінде Батыс Қазақстан облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы, п. ғ. д, профессор Шалқыма Құрманалина өңіріндегі атқарылған жұмыстарға тоқталып, Аналар кеңесі – бұл ұлттық тәрбие кеңесі екендігін алға тартты.

 

БӨЛІСУ