Аймақтың индустриалды-инновациялық дамуына, өнеркәсіп, кәсіпкерлік, сауда, инвестиция тарту салаларына жетекшілік жасайтын облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев алдымен қала маңындағы “Алтын Қамба” тұрақтандыру қорына барды. Ардақ Темірханұлы «Байқоңыр» әлеуметтік – кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ғизат Майданұлымен пікір алмасып, азық-түліктердің жеткілікті екендігіне көз жеткізді.

Бүгінде тұрақтандыру қорында құны 755 млн теңге болатын 3 733 тонна азық-түлік бар. 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен тұрақтандыру қорындағы өнімдер Қызылорда қаласында орналасқан 37 әлеуметтік дүкенде және қосымша 13 ірі супермаркеттегі әлеуметтік бұрыштарда нарықтан төмен бағада сатылуда.

Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары “ВЕГА-Пром” ЖШС құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру цехының жұмыс барысымен танысып қайтты. Цех басшысы А.Бимаганбет өндірісте барлығы талапқа сай жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Цех 2014 жылы пайдалануға берілді. Мұнда құрғақ құрылыс қоспасының 11 түрі шығарылады (кафель желімі, желім «R 12 PLUS», «Тамшы» және «Ақ тамшы» сәндік сылақ, «Вега-пром» құйылмалы едені, «2в1» және «G12PLUS» гипс жабыны, «BELKOL» гипс сылағы). Өз бизнесін ашу үшін “Бизнестің жол картасы 2020” мемлекеттік бағдарламасын пайдаланып, қазіргі уақытта цехта күніне 70 тоннадан астам өнім өндіріледі.

Аталған жоба Бірыңғай индустрияландыру картасына енгізілген. Мемлекеттік қолдау шарасы ретінде кеңейту жұмыстарын жүргізуге 2,9 гектар жер телімі берілді.
Атап өткен жөн, өндірісте қолданылатын жабдықты цех директоры Әбдіжаппар Бимағанбет өз қолымен құрастырып шыққан. Кәсіпкер жобаға қажетті инфрақұрылымды жүргізу мәселелерін шешу қажет екенін жеткізді.

Кәсіпкердің мәліметтерін зер салып тыңдаған облыс әкімінің орынбасары А.Зебешев айтылған мәселенің барлығы назарда болатынын жеткізді.

БӨЛІСУ