Алғыс айту күні және алдағы 8 наурыз мерекесі қарсаңында Елорда төрінде, партия алаңында «Қарызсыз қоғам» жобасының 100-ден астам қатысушылары арнайы бас қосып, қарыздан құтылудың, отбасы табысын арттырудың тәжірибесімен бөлісті.

Басқосуға «AMANAT» партиясының Төрағасы, Мәжіліс Спикері Ерлан Жақанұлы Қошанов, Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, Halyk bank-тың басқарма Төрағасы Үміт Шаяхметова, «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаева және барлық өңірлерден жоба түлектері қатысты. Олардың қатарында біздің өңірімізден «Қарызсыз қоғам» жобасының облыс бойынша менеджері Наталья Мишукова мен 5 жоба түлегі бар.
Жалпы алқалы жиынға бейне конференция режимінде өңірден партияның облыстық филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов, Атқауршы хатшы Ләйлә Төрешова сонымен бірге жобалық кеңсенің өкілдері, кәсіпкерлер мен жобаға қатысушылар қатысты.

«AMANAT» партиясы өткен жылы «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында еліміздің 8 өңірінде 65 мыңнан астам адамның қаржылық сауатын арттыруға мүмкіндік жасады. Биыл еліміз бойынша 800 мыңға жуық адамды оқыту жоспарланса, қаңтар-ақпан айларында ел аумағындағы 15 мың отандасымыз қаржылық сауатын арттырып, оқыту курсынан өтті. Оның ішінде біздің жерлестеріміз де бар. Бұған қоса, мектеп, колледж және жоғары оқу орнына арналған оқу құралдары әзірленеді. Бұл қадам 100 мыңға жуық студент пен 450 мың жоғары сынып оқушыларының сауатын арттыруға мүмкіндік бермек.

«AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасын үнемі жетілдіріп келеді. Биыл жобаға қатысушылардың 75%-ы – әйелдер. Оның жартысынан көбісі – көпбалалы аналар. Партия оларға жағдайды жақсартудың жаңа құралын ұсынды. Атап айтқанда, оқудан өткен әйелдер жеке кәсібін бастау үшін қайтарымды грант пен лизингке құрал-жабдық сатып ала алады. Бастама аясында жыл соңына дейін 3500 әйелді қамту жоспарлануда.

«Бұл ретте, партия Төрағасы Ерлан Қошанов кездесуге қатысып отырған кәсіпкер әйел азаматтарға жоба тәлімгерлерімен бірлесіп, әйелдерді оқыту және оларды тұрақты табыс табатын деңгейге жеткізуде үлгі болуға шақырды.

Жиыннан соң Наурызбай Байқадамов өңірлік жоба қатысушыларымен бір сәт диалог құрып, Партия Төрағасы мен жоба түлектерінің сөзін қуаттандырды.

БӨЛІСУ