Енді жерлестеріміз постомат қызметін пайдалана алады. Біздің өңірге де дайын құжаттарды алуға арналған постоматтар орнатылды.
Бұған дейін пилоттық жоба Астана мен Алматыда енгізілген. Сол уақыттан бері қызмет алушылар постомат арқылы 2 мыңнан астам құжат алды.
Енді қызылордалықтар тәулік бойы жұмыс істейтін постоматтарды қолданып, өз уақыты үнемдей алады. Тіпті өз құжаттарын кез келген ыңғайлы уақытта, қажет болса жұмыстан кейін де ала алады.
Айта кетейік, сервисте қызметтің 11 түрі қолжетімді. Олардың ішінде баланың тууын тіркеу, жылжымалы мүлік кепілін тіркеу, құжаттарға апостиль қою, құқық белгілейтін құжаттардың телнұсқалары және басқалары бар.
Аталған қызметтер бойынша өтінімді рәсімдеу кезінде клиентке нәтижені постоматтан алу туралы ұсыныс айтылады. Клиент құжаттың дайын болғандығы туралы хабарламаны алғаннан кейін 3 күннің ішінде құжатты алуы тиіс.
Ұяшық биометриялық сәйкестендіруден өтіп, SMS-хабарламадағы 5 таңбалы кодты енгізгеннен кейін ашылады. Бұл қауіпсіздік мақсатында үшінші тұлғалардың сервисті пайдалана алмауы үшін жасалған.
Ерекше айтуға тиіспіз, дайын құжаттардың нәтижелерін алу үшін қызмет алушыларға ХҚКО-ға жүгінудің қажеті жоқ. Келген SMS-хабарламаға келісім беріп, құжаттарды үйге дейін жеткізуге тапсырыс бере алады.
Жаңа постомат Қызылорда қаласы, Астана көшесі №46 халыққа қызмет көрсету орталығында орналасқан.

БӨЛІСУ