Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Мұрат Саламатовтың 80 жылдығына арналған «Қазақстанның мұнай-газ саласы: Дамудың жаңа үрдістері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиынға зиялы қауым өкілдері, профессор-оқытушылар, білім алушылар қатысты.
Конференцияда белгілі мұнайшы, Маңғыстау аймағында, оның ішінде Өзен мұнай өндірісінде еңбек еткен, Қазақстан экономикасының дамуына зор үлес қосқан Мұрат Ғазизұлының ел үшін атқарған еңбегі туралы айтылды.
Университеттің Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Жандос Базартай ғылыми-тәжірибелік конференцияның маңыздылығына тоқталып, Мұрат Ғазизұлы «Құмкөлмұнай» өндірістік бірлестігінің жұмысын өркендетіп, есімі сол арқылы тарихқа енгенін атап өтті.
Ғалымдар Мұрат Саламатовтың ел игілігі үшін атқарған еңбегімен қатар, аймақтағы мұнай-газ саласының даму тарихы туралы да кеңінен айтты.
«Мұрат Ғазизұлы еңбек жолын «Ақтөбемұнайбарлау» тресінде бұрғышы болып бастады. Қазақ политехникалық институтын бітіріп, тау-кен инженері мамандығын алды. Бұдан әрі өсу мен ілгерілеу, кәсіби білігін шыңдау жолына түсті. Іскерлігімен жұмысты шебер ұйымдастырып, бүкіл уақыты ашық аспан астында, қатал дала төсінде өтетін, тауқыметі көп, мәртебесі биік мұнай өндіру жұмысына адамдарды жұмылдырып, елмен оңай тіл табысып, олардың мұң-мұқтажын сезіне білетін қасиеті оған барлық жерде де үміт пен сенім жүктеді», – деді ардагер мұнайшы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Инжинирингтік технологиялар» БББ-ның аға оқытушысы, техника ғылымдарының кандидаты Ғалым Байманов.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры,тарих ғылымдарының докторы Лесқали Бердіғожин Мұрат Саламатов тұсында мұнай-газ саласының көрнекті мамандары қалыптасқанын жеткізді.
