Бүгін аудан әкімі С. Сермағамбетов Жақсықылыш кенті мен Қарақұм, Атанши ауылдық округтерінде болып, атқарылып жатқан жұмыстарды бағамдады.

Алдымен Жақсықылыш дәрігерлік амбулаториясының бу қазандығын реконструкциялау жұмыстарын және «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында бой көтерген дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне барып, құрылыс жұмыстарын көрді. Қазіргі таңда спорттық нысанның құрылысы аяқталуға жақын. Аудан басшысы кент әкімі мен жауапты орынбасарына мердігер мекеменің барлық жұмыстардың сапалы әрі тиянақты аяқталуын қадағалауды жүктеді.
Аталған нысан алдында кент ардагерлерімен кездесіп, аудан көлемінде жүргізіліп жатқан жұмыстарды хабардар етті. Өз кезегінде тұрғындар дене шынықтыру және сауықтыру кешені пайдалануға берілген соң қосымша жаттықтырушы бөлу мәселесін қарауды ұсынды.

Одан соң кенттегі инженерлік-инфрақұрылымдық жұмыстарға куә болды. Құрылыс барысымен танысқан соң жауапты мамандарға белгіленген жұмыстардың талапқа сай орындалуын тапсырды. Атап өтейік, қазіргі таңда кент тұрғындарына жер телімдерін табыстау мақсатында 7,8 шақырым магистральді су желілері жүргізілуде. Мұнымен қоса темірбетон бағаналары орнатылып 7,7 шақырым электр желісі тартылуда.

Аудан әкімінің сапары Қарақұм және Атанши ауылдық округтерінде жалғасты. Ауыл халқына мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы мен өңірдегі жер телімдерін табыстау, елді мекендерді ауыз сумен қамту жобаларымен бірге бірқатар оң өзгерістерді айтып өтті. Сондай-ақ, тұрғындар ұсынысына сәйкес, мемлекет тарапынан салынып жатқан тұрғын үйлердің кезектілікпен әр санат бойынша берілуін, жас мамандардың баспана алу мүмкіндіктерін де түсіндірді.

Кездесу барысында Қарақұм тұрғындарының ұсынысына сәйкес газ құю бекетіндегі көгілдір отын көлемін ұлғайту үшін өзге де кәсіпкерлермен келісім орнатылатын болды. Елді мекендегі жаңадан ашылған «Айбар» сауда үйін аралап көрген соң, кәсіп иесінің жұмысына сәттілік тіледі. Жеке кәсіпкердің Махамбетова Жұмагүл алдағы жоспарларына қанық болған соң барлық қолдау шаралары көрсетілетінін де білдірді.
Ал Жіңішкеқұм елді мекенінің тұрғындары 70 шақырым болатын жолдың «Арал құрылысы» ЖШС-нің демеушілігімен арнайы техника арқылы (гридер) тегістелгендігіне ризашылықтарын жеткізді.
Аталған елді мекендерге барар жолда Тоқабай, Абай бағытында жүріп жатқан ауыз су құбырын тарту жұмыстарын бақылады. Бұл жоба келесі жылға өтпелі негізде жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда биылғы жылға белігленген 23 шақырым ауыз су құбырының 17 шақырымы аяқталған.
Мұнымен қоса, «Жақсықылыш-Тоқабай-Абай» бағытындағы автокөлік жолының қалған 6 шақырымын салу және кемшіліктерді қалпына келтіру жұмыстыран көріп, мердігер мекеме басшысына құрылысты сапалы аяқтауды тапсырды.

БӨЛІСУ