«Көрнекі ақпарат мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті
Бүгін 29 қараша күні облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен «Көрнекі ақпарат мәселелері» атты дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелге Қызылорда қалалық, аудандық мәдениет және спорт, Шиелі, Жаңақорған аудандық қоғамдық даму бөлімдерінің басшылары мен тіл мамандары, жарнама агенттіктерінің басшылары, өкілдері, филолог-ғалымдар, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» ҚБ Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, Тілдерді оқыту орталығының қызметкерлері қатысты.
Дөңгелек үстелді облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы А. Есмаханов жүргізді.
Күн тәртібіне сәйкес облыстық қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Л. Есім «Көрнекі ақпарат мәселелері, алдағы міндеттер» тақырыбында, Қазалы аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Б. Жолтаев «Қазалы ауданындағы көрнекі ақпарат саласы бойынша атқарылған жұмыстар туралы», Жаңақорған аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Ә. Төлегенов «Жаңақорған ауданындағы көрнекі ақпарат саласы бойынша атқарылған жұмыстар туралы» тақырыптарында хабарлама жасады.
Хабарламашылар «Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының» ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 16 қазандағы №914 қаулысымен бекітілгені, жергілікті жерде көрнекі ақпараттардағы тіл туралы заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстары туралы айтты.
Бизнес және жарнама агенттіктері өкілдеріне жарнама мәтіндерін сапалы аудару, грамматикалық, стилистикалық дұрыс жазылуын қамтамасыз етуде қызмет түрін көрсету және нысан атауларын ұлттық болмысымызды айқындайтын атаулармен атау мақсатында эргонимдер туралы (нысан атаулары) әлеуметтік жобалар жасау жөнінде ұсыныстар айтылды.
Жиын соңында 2023 жылғы 16 қарашада Астана қаласында өткен «Ең сауатты жарнама – тіл абыройы» республикалық байқауында жүлделі
ІІІ орынды иеленіп, облыс абыройын асқақтатқан Қызылорда облысының «Бизнеске арналған үкімет» мекемесінің бөлім басшысы С. Байжановаға басқарманың Алғыс хаты табысталды.